Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Мұның бәрі ұлт саулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға жол ашпақ. Үлкен Сұлутөрлік ағайындар бұл өзгерістің игілігін сезіне бастайды. Осы ретте, тәулігіне қырық бес адамды қабылдай алатын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары қарқын алуда.
Ауылдықтар үшін маңызды нысанның құрылысын «Синдикат Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Қомақты қаржы бөлінген аталмыш нысанның тапсырыс берушісі «Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі екендігін айта кеткен жөн. Бүгінде ғимараттың қабырғасы көтеріліп, ішкі жұмыстары басталып кеткен. Құрылыс қарқыны осылайша орындалса, келер жылы халық игілігіне берілмекші. Бұл медициналық объектіні құрудың негізгі мақсаты ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ асқынулардың алдын алу үшін профилактикалық тексерулердің, скринингтердің, ауруларды ерте анықтаудың және уақтылы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру болып табылады. Үлкен Сұлутөрде негізінен дәрігерлік амбулатория жоқ емес, бар. Бірақ тым ескі. Сондықтан болар, ауыл әкімі мен аудан әкімінің бірлесіп өткізген қорытынды есебінде жергілікті тұрғындар осы тақырыпты мәселе ретінде көтеріп келген болатын. Тұрғындар алдағы уақытта осы мәселенің түйткілі шешілетіндігіне шын ниеттерімен қуанышты. Себебі, нысан ашылса Үлкен Сұлутөр ауылымен қоса, Сұлутөр және Көктөбе елді мекенінің тұрғындары да, аудан орталығына бармай-ақ сапалы медициналық қызмет алатын болады. Осылайша, дәрігерлік амбулатория елді мекен тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету үшін, медицина мамандарының бар білімі мен біліктілігін салуға мүмкіндік ұсынғалы отыр. Өйткені заманауи нысан әрбір азаматтың диагнозын дер кезінде анықтап, тиісті ем-шараларды дер кезінде қабылдауына жол ашпақ.
Кез келген мемлекет үшін басты байлық – адам. Басқа байлықтардың барлығы тек қана адамға қызмет етеді. Ал адам денсаулығының жақсаруы, өміршең болуы ақ халатты абзал жандардың кәсіби қызметіне байланысты болуы айтпаса да түсінікті.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ