АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АЙЫРЫҚША НАЗАР

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев ауданымызға іссапармен келді.

Бірінші кезекте, халық қалаулысының делегациясы аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевпен бірге Қазақстан-Қырғызстан «Қордай» өткізу бекетінде болып, ондағы кезектің алдын алуға бағытталған шаралармен танысты. Қазіргі таңда аталмыш бекеттің екі залына үлкен кондиционерлер орнатылып, жаз мезгілінің аптап ыстығына жайлы жағдай жасалған. Ал, екі ел шекарасындағы ұзақ-сонар кезек пен кептелісті жою мақсатында электронды турникеттер орнатылған.

Бекетте шекара пунктінің өкілдері қазақ-қырғыз шекарасындағы автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымымен, өткізу пунктінде қолданатын арнайы құрылғылармен таныстырып, қызметтік иттердің есірткі және өзге де тиым салынған заттарды қалай анықтайтынын көрсетті.

Айта кетейік, реконструкциялық жұмыстардан кейін бекеттің өткізу қабілеті 4 есеге яғни, 6 мыңнан 25 мың адамға дейін артқан. Ал көліктер ағыны 2 жарым есеге ұлғайған.

Халық қалаулысы Анас Ахатұлының кезекті сапары ауданымыздағы жетекші кәсіпорындардың бірі «Eko-Chicken» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде жалғасты.

Кәсіпорын жұмысын кооператив директоры Тоты Сәрсенбаева жан-жақты таныстырды.

«Жалпы, фермада қазіргі таңда отыз отбасы бір кооперативке біріктірілген. Кооператив мүшелеріне арзан бағамен құрама жем беріледі, біздің цехте союға жеңілдік және өнімді өткізуге көмек көрсетіледі. Бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер мен вакцина қатаң қадағаланады», — деді Тоты Амантайқызы.

Құрама жем өндіру нарығында жемісті еңбек етіп жүрген серіктестік жиналған тәжірибенің арқасында нарықты зерттей келе құс өсіру ісін бастаған.

Ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл экономикасын көтеруге бағытталған шаралар үлкен өзгерістер мен мүмкіндіктер туғызып келеді. Бұл бағдарлама ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге, әсіресе жастарға, жаңа бастамаларын жүзеге асыруда мол мүмкіндік беруде.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев келесі кезекте, жас кәсіпкер Аманбек Темірланның үйінде болып, оның бройлер балапандарын өсірумен айналысатын ісімен танысты. Аталмыш жобаның қатысушысы, жас кәсіпкер өзінің еңбексүйгіштігімен ауыл шаруашылығына жаңа ерекшеліктер енгізуде. «Eko-Chicken» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне қосылу арқылы, ол өзінің кәсіпкерлік әлеуетін кеңейтіп, құс шаруашылығын дамытуда.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.