АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА КЕШЕНДІ КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ

0

Бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан қордаланған мәселе баршылық. Тіпті көп десе де болады. Енді сол мәселелердің ең негізгілерін ретімен санамалап шықсақ дейміз.

Экономиканың қай саласы болсын ғылыми негіздермен ұштасқанда ғана дамитынын бүгінде дәлелдеп жатудың өзі артық. Осы ретте ғылымға басты рөл берілген заманда ауылшаруашылығының заманауи инновациялық технологиялармен нашар қамтамасыз етілгенін ешкім жоққа шығармайды. Былтыр Президент ғылымға байланысты барлық мәселені бір жерден шешіп, бір жерден методикалық әдістеме арқылы қаржыландырумен мемлекеттік тапсырыстарды ұштастыру мақсатында дербес Ғылым және жоғары білім министрлігін құрды. Бірақ аграрлық ғылым жаңа министрлік құрамына өткен жоқ. Аграрлық ғылымның зерттеу институттары әлі күнге базалық қаржыландырудан шеттетілген. «Ғылым туралы» Заңның 27-бабына сәйкес аграрлық ғылыми зерттеу институттары мемлекеттік тапсырыстарды конкурссыз орындай алмайды. Олар қаржы алу үшін берілген тапсырмалармен тендерге қатысқандай конкурсқа қатысуға тиіс. Ғылым – ойынға айналған заман. Ал конкурста жеңіске міндетті түрде шетелдік басылымда мақаласы жарық көрген жас ғалым жетеді. Саны бар, сапасы жоқ тақырыптарға қаражат бөлінеді. Талай жылын өндірістегі зерттеулерге сарп еткен тәжірибелі ғалымдардың еңбегі ескерусіз қалады. Маңғыстаудағы қуаңшылық, шегіртке мен киік мәселесі, ветеринария, фитосанитария, карантиндік жағдайлар кешегі ескерусіз қалған еңбектердің бүгінгі салдары емес пе?

Тағы бір толғандыратын мәселе – ғылыми-зерттеу институттарының университеттерге берілуі. Біздің түсінігімізде жоғары оқу орны ғылыммен емес, маман дайындаумен айналысуға тиіс. Президентіміздің дәнді дақыл тұқымдарының жаңа сорттарын ашу туралы тапсырмасын университеттер орындай ма? Біздіңше барлық институтты егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында біріктіріп, арнайы ғылыми орталық, сондай-ақ малшаруашылығы және жемшөп өндіру институт базасында малшаруашылығын зерттейтін ғылыми орталық құру керек. Бұл үшін «Оңтүстік-Батыс және Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институттарымен «Асыл-түлік» акционерлік қоғамының бүкіл ғылыми әлеуетін біріктіру қажет. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын» жауып, университеттер мен аграрлық институттарды Ғылым министрлігіне өткізу қажет және оларды тікелей Ұлттық ғылым академиясының басқаруына беру керек. Бүгінде орта жасы 60-тан асқан ғалымдар реформадан шаршады. Ал жас ғалымдар жоқтың-қасы, бар болса да олардың дайындықтары көңіл көншітпейді. Бұл – бірінші және басты мәселе. Себебі дана қазақтан қалған «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақалды мақала мәнімен тәпсірлесек: «ғалымсыз ғылым жоқ, ғылымсыз күнің жоқ».

Ауылшаруашылығындағы екінші қордаланған мәселе – шаруалар қолданысындағы техникалардың басым бөлігі әбден тозған. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтты. Отандық ауылшаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне ел бюджетінен орасан зор қаржы бөлініп жатса да, техникалардың бағасы өте қымбат. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес ауылшаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне кейінгі 5 жылда 123 миллиард 573 миллион теңге салықтық жеңілдік жасалған. Мысалы, 2018 жылы КТС және ҚҚС төлеуден 9 компания – 3 миллиард 937 миллион, 2019 жылы 11 құрастыру өндірісі – 9 миллиард 655 миллион, 2020 жылы 13 компания – 20 миллиард 661 миллион, 2021 жылы – 43 миллиард 841 миллион, 2022 жылы 12 компания 45 миллиард 478 миллион теңгеге босатылған. Бұдан бөлек, 2022 жылы отандық техника өндірушілерге Экологиялық кодекстің 388-бабының 3-тармақшасына сәйкес кәдеге жарату алымынан түскен қаражаттан 43 миллиард 55 миллион теңге берілген. Біз отандық өндірістің дамуына қарсы емеспіз, керісінше қолдаймыз. Себебі олар мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Алайда жоғарыда айтылған бюджеттік шығындарды 1 жұмыс орнына шақсақ, әр орынға айына 1 миллион 376 мың теңге жұмсалады екен. Мұндай өзін-өзі ақтамайтын шығын бізге қаншалықты қажет? Отандық техника өндірушілер кедендік салымнан, қосылған құн салығынан, утилизациялық алымнан босатылған. Бұған қоса, оларға индустриялық аймақтардағы қойма мен өндірістік нысандар, қажетті инфрақұрылымға, атап айтқанда, газ, жарық, су, жолға қосылу тегін. Мемлекет тарапынан жасалған осыншама қолдауға қарамастан, елімізде жиналған ресейлік және беларусьтық техника бүгінде 2 еседен аса қымбаттаған. Бір ғана мысал. 2019 жылы бағасы 43 миллион 466 мың теңге болған VECTOR 410KZ комбайнының құны 2022 жылы 93 миллион 450 мың теңгеге көтерілген. Ал ACROS 550KZ 2019 жылы 39 925 654 теңгеге саудаланса, 2022 жылы оның бағасы 112 миллион 050 мың теңгеге бір-ақ шарықтаған. Осылай жалғастыра беруге болады.

Ал астық өндірісіндегі биылғы жағдай көңілге үрей салып, диқандарды ғана емес, күллі елді алаңдатып отыр. Келмеске кеткен кеңес кезеңінде «Нан болса, ән де болады» деген қанатты тіркес бар еді. Биыл нансыз қалмасақ та, келесі жылы бидай мен арпа тапшылығына ұшырайтынымыз хақ. Көктемде егілетін тұқым көлемі қажеттіліктің 10/1 бөлігін ғана қамтамасыз етуі мүмкін. Себебі ел қамбасында тұқым жоқ. Ал азық-түлік келісімшарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық –

тауарлық бағыттағы сапасы төмен дән. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Мемлекет меншігіндегі ғылыми институттар, тәжірибелік стансалар мен шаруашылықтардың аз да болса тұқым өндіретін мүмкіндіктері бар. Алайда олар мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау көрмеген соң қолда бар егіс алқаптарды тұқым өндіру емес, пайдасы көп дақылдар егіп, «жан бағу» мақсатында пайдаланып жүр. Ресми деректерге сәйкес кейінгі 5 жылда олардағы тұқым өндірісінің көлемі бірнеше есеге төмендеген. 2022 жылы аталған ғылыми ұйымдарда сақталған 60 мың тонна тұқымның тек тең жартысы элиталық, қалғаны 1-2 репродукция болған. Сорақысы сол, ғалымдардың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми мекемелерде ұрлық кеңінен етек алған. Тұқымды алқаптан тікелей сатып жіберу, нақты орақ мәліметін әдейі жасыру немесе төмен етіп көрсету фактілері бар.

Ауылшаруашылығы саласын алға бастырмай келе жатқан басты былықтың бірі – субсидия. Оның аталған салада «сауын сиырға» айналғаны бүгінде баршаға аян. Қарапайым шаруаның оған қол жеткізуі тіптен мүмкін емес деуге болады. Себебі шаруашылықтарға субсидия алу үшін тым жоғары талап қойылады. Мысалы, малшаруашылығымен айналысатын шаруада мал семіртіп, етке өткізу үшін мың ірі қара соятын бордақылау алаңы болуы шарт. Ондай алаңның шағын шаруа қожалықтарында жоқ екені бесенеден белгілі. Ал субсидия алудың «қыр-сырына» қанық адамға мұндай талаптың қандай мақсатпен қабылданғаны айтпаса да түсінікті.

Бұған қоса, субсидиялаудың ақпараттық жүйелері әлі күнге жетілдірілмеген, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалмаған. Бұл деректерді бұрмалауға – малшаруашылығы саласында жануарлар жасын, жынысын өз бетінше түзету, олардың сәйкестендіру нөмірлерін қайталап көрсету сияқты айла-шарғы жасауға мүмкіндік береді. Олар белгіленген критерийлерге сай келмейтін малды субсидиялау, бір малды екі рет субсидиялау, субсидия төленген малдың сақталуын және мақсатсыз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін қасақана жасалған.

Субсидияны жымқырудың тағы бір схемасы – өңірлік ауыл шаруашылығы басқармалары қызметкерлерінің өздерінің жеке мүдделері бар компаниялар сатып алатын жабдықтар құнын барынша көтеруі және сапасы төмен, арзан техниканы таңдап алуы. Ал егіншілік саласын субсидиялаудағы сыбайластық жалған мәмілелер жасасу мүмкіндігімен, құжаттар дұрыстығын, субсидия төленетін тыңайтқыш, пестицид, тұқым сияқты өнімдерді нақты сатып алу мен мақсатты пайдалануды тексеру тетіктерінің болмауымен байланысты өрбуде. Министрі ауысқан сайын субсидиялау саясаты мен критерийлері өзгертілетін, шаруалар үшін үлкен әкімшілік кедергіге айналған субсидия алудың өте көп бағыттары, түрлері, шарттары ауылшаруашылығын субсидиялау ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры тым тереңде екенін көрсетеді. Ауылшаруашылығын субсидиялауға ел бюджетінен тек кейінгі 5 жылда 2 триллион теңге жұмсалған. Ал бұл салада тіркелген мыңға жуық қылмыстың 54 пайызы субсидия жымқыруға қатысты болған.

Ауыл шаруашылығында жемқорлықтың жапырақ жаюына ондағы мемлекет рөлінің тым үлкен болуы, агросектордың 65 пайызын мемлекет өз құрылымдары арқылы бюджеттен қаржыландырып отыруы – тағы бір себеп. Жақын болашақта аграршылар қарызының жалпы көлеміндегі мемлекет үлесі 90 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал банктер болса, керісінше саланы несиелендіруді азайтып жатыр. Ауыл шаруашылығының әр кәсіпкерінің 2020 жылы орта есеппен бір ғана өтелмеген заемы болса, қазір бұл 2-ден асқан. Басты кредитор – мемлекет қатысуындағы ұйымдар. Бұл – фермерлер салаға жауапты шенділердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында деген сөз. Мұндай қыспақ жағдайда нарықтың еркін дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мұндай жағдайда Үкіметке не субсидиялаудан бірте-бірте бас тартуға, не саланы бюджет көмегімен әрі қарай сүйрей беруге тура келеді. Бірінші жолға түссе, ауылшаруашылығы өндірушілері бағаны күрт көтереді. Бірақ баға онсыз да ертегідегі Ертөстікше күн санап өсіп келеді.

Бүгінде Ауылшаруашылығы министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау жүйесіне реформа жүргізіп жатыр. Оның қандай нәтиже беретінін келешекте көреміз.

Ерболат САУРЫҚОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.