Жұма күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығының алғашқы спикері болған аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов Қордай ауданы бойынша ауылшаруашылық саласындағы ағымдағы жылдың 1 мамырына дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Ауыл шаруашылығы – халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі, өйткені ол азық-түліктің негізгі өндірушісі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысына шолу жасар болсақ, ауданымызда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылған. Аудан бойынша егістік жер көлемі 137,4 мың гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын 100,8 мың гектарға орналастыру жоспарланса, нақты егілген көлем 103,6 мың гектар болды. Бұл жоспардан 2,8 мың гектарға артық. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауданда 8 ірі жоба іске асырылып, 2 534 млн теңге инвестиция тартылды», — дейді Ғалымжан Жарылқасынұлы.
Көктем шықса егін егу науқаны басталады. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін егін кәсібі көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындықты қажет ететіні рас. Ал аудан шаруаларының көктемгі егін науқанына дайындық жұмысы қалай жүргізілді?, — деген сұраққа да нақты жауаптар берілді.
Бөлім басшысынң айтуынша, 2025 жылдың 1 мамырына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 7544 млн. теңге болған. Аудан бойынша ағымдағы жылы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша егістік жер көлемі 137787 гектарды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 386 гектарға артқан.
2025 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 103780 гектарға орналастыру жоспарланған. Дақылдар бойынша: күздік бидай -17000 га, жаздық арпа — 39000 га, дәндік жүгері – 8000 га, мақсары – 200 га, қант қызылшасы – 560 га, картоп – 3100 га, көкөністер– 4170 га, бақша дақылдары – 350 га және мал азығы дақылдары – 31400 га алқапты құрайды.
Бүгінгі күнге жер жырту жоспары 33065,2 га және дайындалатын жер жоспары 62280 га, толығымен орындалған. Дақылдар бойынша: жаздық арпа 39000га, көп жылдық шөп 3500 га, картоп 3100 га, 200 га мақсары, 400 га сүрлемдік жүгері, 4170 га көкөніс, дәндік жүгері 8600 га алқапқа себілген.
Жанар–жағар май бойынша: аудан бойынша оператор болып «Wedo Energy» ЖШС-і айқындалған. Серіктестіктің орналасқан жері Тұрар Рысқұлов ауданы. Көктемгі дала жұмыстарына 72 шаруа қожалықтары «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы арзандатылған 2185 тонна дизель отынына өтінім берген. Бекітілген 1 литрдің бағасы 254 теңгеден шаруашылықтар өздері тасымалдаса, 259 теңгеге оператор тиісті жеріне жеткізіп береді.
Бүгінгі күнге 47 шаруашылық – 1366,2 тн дизель отынын алып үлгерген.
Бөлім басшысы брифинг барысында шаруаның дамуына мол ықтал ететін несиелендіру жайына да тоқталды.
«2025 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы шаруаларға 5% несие берілуде. Жыл басынан «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 8 жоба — 335 млн.тг. берілген. «Қордай» несие серіктестігі ЖШС арқылы, «Кең дала» бағдарламасына 106,0 млн.тг. беру жоспарлануда. 9 шаруашылық – 109,8 млн.тг. алды, 4 шаруашылық құжаттарын рәсімдеуде. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қордайлықтар үлкен қызығушылық танытқан. Жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін берілуде. Қордайда бұл жоба 2019 жылдан бері іске асып келе жатқанын ескерсек осы күнге дейін бірқатар ауыл тұрғындары бағдарлама шапағатын көргенін айтуға болады. «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алып, жобаның 1 – бағыты бойынша үй іргесін тиімді пайдалану үшін 8,5 млн. теңге берілген. Жалпы сол кезде жобаның 2 – бағытымен округтің 250 тұрғыны 701,0 млн.теңгеге 1729 бас – мүйізді ірі қара, 2150 бас – қой және 114 жылқы сатып алған. Жобаның 4 – бағытымен «Жаңатұрмыс-Бірлік» өндірістік кооперативі 59,9 млн. теңгеге 17 бірлік техника сатып алды. 5 — ші бағытымен: (өз кәсібін ашу) ЖК «Кирилов» бал арасын өсіру үшін 3,1 млн.теңге несие алып, кәсібін жүргізуде. 2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасының Ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты жобаның 5 – бағыты – жеке кәсібін ашуға және қайта жарақтандыруға ғана берілетін болды. Бұл бағытқа ауданның барлық ауылдық округтері қатыса алады. Алдын-ала жинақталған ақпарат бойынша 56 жобаға өтінім берілді, жалпы сомасы 459,4 млн.тг, жаңадан 31 жұмыс орны ашылады», — деді спикер.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ