«Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетуде. Онда ауыл азаматтарының тұрмысын жақсартудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Осы ретте, аталмыш жобаның игілігін көріп отырған Кенен ауылының тұрғындарын әңгімеге тартқан едік.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелеу азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Осы бағдарламаның игілігін көрген тұрғындардың бірі жаңадан кәсіп бастаса, бірі кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын естігенде еш ойланбастан бірден жоба дайындауға кірістім. Кепілге үйімді қойдым. Несие қолға тигеннен кейін іске 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн. 800 мың теңге қаражатқа 1жас 3 айлық 13 бас бұқа сатып алдым. Оларды үй іргесінде бордақылап, бар жоғы 1 жарым жылдың ішінде кәсібім өрге жүзе бастады. Жаңадан кәсіп бастағандар үшін мемлекет қолдауы айтарлықтай орасан», — дейді кәсіпкер Нұрбек Әбілмәжінұлы.
Бүгінде күнкөріс үшін талпынғың келмесе, баспанаң болса үйіңде жата беруіңе де болады. Ешкім сыртыңнан келіп неге жұмыссыз жатырсың деп талап та қоймайды, реніш те білдірмейді. Екі қолға бір күрек ұсынған бағдарламаның тағы бір қатысушысы кенендік Орынбек Жұмаханұлы.
«Әкем екеуміз қой басын өсіріп, одан мол өнім алуды ойлап жүргенбіз. Қолдан келетін істі неге жасап көрмеске?! Сөйтіп 2022 жылы аталмыш бағдарламаға қатысып, бизнес жоспар жасадым. Жобамды үздік қорғап, 4 млн. 680 мың несиелік қаржыға 78 бас қой сатып алдым. Қой бағу, мал өсіру біздің ата кәсібіміз. Кішкентайымнан малмен етене араласып өскен соң мен үшін бұл шаруа ешқандай қиындық туғызбайды. Алдымызға мал салып, еңбек етуге жағдай жасалып тұрғанда, мүмкіндікті мүлт жіберіп алуға болмайды», — дейді ол.
Тиімді шарттармен несие беру арқылы ауыл халқының табысын арттыру, ауылдық өндірістік кооперативтерге біріктіру мүмкіндігі көзделген. Табысы төмен халықтың санын азайту, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, жұмыссыз отбасылар санын азайту бағдарламаның бастапқы көздеген мақсаты.
Айта кетейік, жоба бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие және шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Құлашын кеңге жайған елді мекендердің алда талай оң бастамаларға ие болатынына сенім басымырақ.
Ә.ҚҰТТЫБАЙ