АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН АЛАҢДАТҚАН ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ

0

Соңғы жылдары Қордай ауданынан өтетін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы біршама жақсарды. Алайда кейбір учаскелерде әлі де елеулі мәселелер бар, бұл жергілікті тұрғындардың орынды алаңдаушылығын тудыруда. Әсіресе шалғай ауылдарда жол жөндеу мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Мәселен, Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өтіп, онда Шу–Қайнар бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың жөндеу жайы талқыланды.

Ауыл тұрғындарының сұрақтарына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жауап берді. Оның айтуынша, жолды күрделі жөндеу жұмыстары келесі айда қайта жанданады деп жоспарланған.

Дегенмен, тұрғындар алаңдаулы: құрылыс техникасының ұзақ уақыт бойы тоқтап тұруы, су шашатын машиналардың болмауы және құрылыс қалдықтарының уақытылы шығарылмауы салдарынан жол шаңға батып кеткен. Ал жаңбырлы күндері жол батпаққа айналып, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге қолайсыздық туғызуда. Бұл, әсіресе, балалар мен қарттардың денсаулығына қатер төндіруі мүмкін.

Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған басты ұсыныстардың бірі – Қордай–Шу бағыты бойынша ауылды айналып өтетін айналма жол салу. Бұл көлік ағынын азайтып, ауаның ластануын төмендетуге сеп болар еді.

Шағын және орта бизнес өкілдері де алаңдаушылық білдірді. Қайнар ауылы кәсіпкерлік белсенділігімен танымал – мұнда сауда орындары, шаруашылықтар мен өндірістік нысандар көптеп орналасқан. Алайда жолдың нашарлығы мен шаң-тозаң салдарынан тұтынушылар келуден бас тартып жатыр, бұл жергілікті кәсіпкерлердің табысына едәуір кері әсерін тигізуде.

Бақыт Сахатовтың айтуынша, аталған учаскедегі жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі аудан әкімдігі емес «ҚазАвтоЖол» АҚ болып табылады. Соған қарамастан, жергілікті билік бұл мәселеден тыс қалмады – ҚР Көлік министрлігі мен өзге де уәкілетті органдарға тиісті хаттар жолданды. Жамбыл облысы әкімдігі де Көлік министрлігіне жөндеу жұмыстарын жеделдету туралы ресми хат жолдаған.

Қайнарлықтар өз үндері естіліп, жол мәселесі жақын арада шешімін табады деп үміттенеді. Себебі сапалы инфрақұрылым – бұл тек жайлылық қана емес, сонымен қатар өңір дамуының негізгі кілті.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.