Ауыл тазалығы өзімізге керек

0

Наурыз айының басында жарияланған көктемгі екіайлық тазалық жұмыстарының нәтижесімен көпшілік газет беттерінен таныс. Абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары атқарылған осы уақыт аралығында қыруар тірлік тындырылып, ауыл-аймақ көркінің бірсыпыра тазарғанына көз куә. Әйтсе де, «бәрін айт та, бірін айт» деген қасиетті сөз бар қазақта. Осы қағидаға сай күні кеше қолға «қару» алып, аудан орталығының бірқатар көшелеріндегі көрініске көз тастаған едік.

Иә, ауыл өзге жермен салыстырғанда айтарлықтай таза, көшеде кезіккен халықтың көңілі де көтеріңкі. Жыл басынан бері аудан көлемінде тірнектеп, тазалыққа үлес қосқан қаншама адамның еңбегі көрініп-ақ тұр. Дейтұрғанмен, жол бойында қаулаған қурайлар мен қаңыраған күл-қоқыстың әлі де кездесуі «бір қарын майды шіріткен бір құмалақ» болып тұрғаны айдан анық. Мәселен, алысқа кетпей-ақ дәл редакцияның жанындағы М.Әлімбаев көшесін бойлай әр жерде үйілген күл-қоқысты шығаруды ешкім жөн санамаса керек. Сол көшемен жоғары жылжып, Аңырақай көшесімен қиылысында осыдан бірнеше жыл бұрын салынған шағын аллеяның жағдайы тым нашар. Қоқыс былай тұрсын, халық үшін салынған демалыс орнын қиратып, орындықтарын сындырып тастапты. Осы сияқты жасыл саябақтағы жағдай да саналы азаматты ұялтады. Мемлекеттің қыруар қаражатына жөнделген саябақта халықтың игілігіне қаншама жағдай жасалған. Бүгінгі таңда сол орнатылған орындықтардың біршамасы сынған, спортпен шұғылдануға арналған қондырғыларды да сындырып тастаған. Шағын футбол алаңшасының жағдайы тіптен мүшкіл. Жүгіру емес, ештеңеге шалынбай жәй өтіп кетудің өзі оңай емес. Футбол қақпасының балалардың басына құлап кету қаупі де жоқ емес. Мерекелерге орай саябақта ұйымдастырылатын көпшілік жиындардан кейінгі көріністі көргенде ішің ашиды.

Әрине, орындық, қондырғыларды сындыратын өзіміз, қоқысты да тастайтын біз. Осы ретте тұрғындардың демалыс орнындағы жағдайға немқұрайлы қарамағаны абзал. Сол жерді тазалап жүрген адамдардың да еңбегін бағалауымыз қажет. Ал біз, Қордай жұртшылығы, өз ауламызды тазартып, ауыл ажарын ашуға бір атаның баласындай үлес қоссақ нұр істіне нұр болмақ.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.