АУЫЛ ЖОЛДАРЫ ЖАҢАРУДА

0

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қордай ауданына қарасты елді мекендерде жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгінде Степной ауылында екі көше, Арал ауылында бір көшеде асфальт төсеу жұмыстары қарқын алған.

Аталған көшелердің жағдайы бұған дейін ауыл тұрғындарының тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Әсіресе, аудан әкімімен өткен есептік кездесулерде бұл мәселе халықтың басты өтініштерінің бірі ретінде айтылып, арнайы назарға алынған еді. Соның нәтижесінде бүгінде нақты іс-шаралар қолға алынып отыр.

Жөндеу жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізілуде. Бұл – болашақта жолдың сапалы әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда тиісті мердігер мекемелер техникаларын жұмылдырып, жолдарды тегістеу және асфальт қабатын төсеу жұмыстарын жүйелі атқаруда.

Арал ауылындағы жол құрылысы да жергілікті халықтың көптен күткен қуанышы. Сонымен қатар, Арал ауылына кіреберіс жолды жөндеу бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Қазіргі таңда бұл мақсатта аудандық бюджетке өтінім беріліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық теңсіздікті жою. Соның ішінде жол мәселесі – халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты маңызды сала. Жақсы жол – қауіпсіздік, жайлы өмір және экономикалық серпін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.