«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты және міндеті ауылдың қалыпты тіршілігін және ауылды аумақтың әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету, сонымен бірге, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың сапалы қызметін көрсету, ауыл аумақтарын тұрақты дамыту, ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген сала мамандарын ынталандыру болып табылады.
Алтын бесігіміз ауылды көркейтіп, сол жердің жастар идеясымен нығаюына жол ашқан, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауқымы кең. Оның аясында көп жастар жұмыспен қамтылып, қаржылай көмек алуда. Әрине, бұл орайда бағдарламаның түлектеріне мемлекет тарапынан жүктелген сенім мен үмітті ақтау міндеттеледі. Десе де, жас мамандарымыздың ауылдық жерлерге жұмысқа барудан бас тартпайтындықтарын көптеген көрсеткіштер айқындап отыр.
Қазіргі таңда ауыл жастарының қалаға бет бұруы жиі кездесетін жағдай. Алайда, туған жерге, ауылға деген сүйіспеншілігін сақтап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдың дамуына үлес қосып жүрген жастар да баршылық. Солардың бірі – Әсет Сайлаубай.
Әсет Қайратұлы 1995 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. Білім жолы Гвардейск қалашығындағы мектептен басталып, 2011 жылы Ноғайбай ауылындағы Қордай ауылшаруашылық колледжінде «мал дәрігері» мамандығын игеруге жетеледі. 2015 жылы колледждегі оқуын тәмамдаған соң, білімін одан әрі жалғастыру мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне ветеринария-санитариялық факультетіне түсті.
Жас маманның еңбек жолы ҚР АШМ КВКиН «Республикалық эпизоотияға қарсы отряды» РММ Қордай ауданы Жамбыл облысының филиалында басталады.
Онда 2 жыл жұмыс істегеннен кейін, 2017 жылы Қасық ауылдық округіне ветеринариялық пунктке фельдшер болып орналасады. Бірнеше айдан соң жауапкершілігі жоғары, абыройлы қызмет – ветеринариялық пункт меңгерушісі болып тағайындалады. Ал 2019 жыл Әсеттің өміріндегі айтулы жылдардың бірі болды. Айтулы бағдарлама арқылы Әлжан ана ауылында баспаналы болады. Туған жерінде, сүйікті ісімен айналысып, ауылдың дамуына үлес қосып жүргеніне міне, 8 жыл толыпты.
Қазіргі таңда Әсет Сайлаубай Әлжан ана ауылындағы ветеринариялық пунктте қызметін абыроймен атқарып келеді. Саналы да салауатты өмір сүруге ұмтылған оның жұбайы, бір ұл, бір қызы бар. Әкелік махаббатын аялап, анасымен бірге шаңырағын шаттыққа толтырып отыр.
Әсет Қайратұлының тағдыры – «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында ауылда тұрақты жұмыс тауып, отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жас мамандардың біріне тамаша үлгі. Бұл бағдарлама жас мамандардың ауылда қалып, еңбек етуіне, ауылдық жерлердің дамуына, әрі еліміздің өркендеуіне үлес қосатын маңызды жоба екенін дәлелдейді.
Мадина УЗБЕКОВА