АУЫЛДЫҢ РУХАНИ АЙНАСЫ

0

Өнер – халықтың рухани байлығы. Сол рухани байлықтың түп қазығы ауылда жатыр. Осы орайда, Жамбыл ауылы тұрғындарының ықыласына бөленіп келе жатқан ауылдық мәдениет үйінің жұмысы жайында сөз етпекшіміз.

Ауданымызда жаңадан салынып қолданысқа берілген мәдениет үйлерінің бірі – Жамбыл ауылдық мәдениет үйі. 2022 жылы ашылып, қолданысқа берілгелі бері ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ауыл балалары, әсіресе жастары үйірмелерге қатысып, концерттерде өнер көрсетіп бойларында жатқан таланттарын оятуда. Елдің іші қашанда өнердің кеніші. Мұны біз бұрыннан білеміз. Сол сияқты елдің ішінде он саусағынан өнер тамған небір сөзін кестелеп сөйлейтін шешендер, ісмерлер мен жалпы еңбекке бейім адамдар жетерлік. Ал олардың еңбектерін жас ұрпаққа үйретіп, оның негіздерін болашаққа үлгі-өнеге ретінде қалдырсақ, халық өнерінің алтын арқауы үзілмейтіні деп білеміз. Мәдениет үйінде 4 үйірме бар. Атап айтқанда: домбыра үйірмесі, би үйірмесі, вокал үйірмесі және көркемсөз үйірмесі. Осы үйірмелерге қатысушы саны 200-ге жуық балаларды құрайды. Домбыра үйірмесінің жетекшісі Алдаберген Жолдасбай балаларға домбыра үйретумен қатар әншілік, жыршылық, ақындық қырларының да ашылуына күш салуда. Сонымен қатар, би үйірмесінің жетекшісі әрі осы мәдениет үйінің меңгерушісі Ақмарал Хайтбаева бүлдіршіндерден бастап бойжеткендерге дейінгі жастағы қыздарға би үйретіп, аудандық, облыстық, республикалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Вокал үйірмесі де өз деңгейінде жұмыс атқарып, Айдос Жанғалиев жас әншілердің қатарын көбейтіп, қазақтың әншілік өнерін дамытуда игі жетістіктерге ие болуда. Ал көркемсөз үйірмесінің жетекшісі Ақерке Рахатова ана тіліміздің қадір-қасиетін танытып, ата-бабаларымыздан қалған асыл қазынамыз – шешендік сөздер мен ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқытып, мақал-мәтелдердің мәнін ұғындырып, сөйлеу мәдениетін қалыптасыруда жас буынның тұлға болып жетілуіне үлкен үлес қосуда. 2024 жылы ауыл әжелерінен құралған «Үлгілі әжелер» ансамблі әрбір мерекелік іс-шараларда, тыңдармандарға жақсы көңіл күй сыйлауда.

Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің әлі де алға қойған тың жоспарлары халықтың рухани байлығының дамуына үлкен үлес қосуына сенім білдіреміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.