АУЫЛДЫ ҚАЛАЙ ТАЗАРТАМЫЗ?

0

Бүгінде аудан орталығындағы көшелердің барлығында дерлік шағын қоқыс үйінділерін кездестіруге болады. Олармен қалай күресуге болады? Қайда хабарласу керек? Техника мен жұмыс күші жеткілікті ме? Қордай ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін көрсететін қызмет басшыларымен осы және т.б. сұрақтар төңірегінде әңгімелескен едік.

«Жасыл Қордай» ЖШС басшысы Сұлтан Жораның айтуынша, кәсіпорын 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

-Күн сайын сегіз қызметкер үш «ГАЗ-53» көлігімен аудан орталығының учаскелерді аралап, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайды. Бізбен келісім-шартқа отырған қордайлықтар жұмысшылардың қай күндері келетінін біледі. Осы күнге дейін әр үйден айына 1000 теңгеден қызмет ақысын жинап келдік. Биыл Қордай аудандық мәслихаты бір тұрғынға айына 165 теңге (ҚҚС-сыз) тарифті бекітті. Бірақ бұл бізге тиімді емес, біз қазір шығынмен жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан тарифті қайта қарау туралы хат жолдадық. Қосымша техника мен контейнерлер сатып алу жоспарда бар. Айтпақшы, бізбен келісім-шарт жасаймын деген кез-келген адам маған немесе бақылаушыға хабарласа алады, белгіленген күні келіп, сол жерде келісім жасаймыз, — дейді Сұлтан Оразбайұлы.

Дәл осындай қызмет көрсететін келесі кәсіпорын ЖК «Айсұлтан» деп аталады. Олар жыл басында құрылғанына қарамастан, Қордай ауылын қоқыстан тазартуды белсенді түрде бастап кетті.

— Біз кәсіби және уақтылы қызмет көрсетуге кепілдік береміз, яғни сіздің өміріңізді жайлы және қоршаған ортаны таза етуге бар күшімізді саламыз. Біздің команда жүргізушілерден, бақылаушылардан және жұмысшылардан тұрады. Олардың барлығы да жауапты, қалдықтарды сапалы шығаруды қамтамасыз етуге дайын, – дейді ЖК «Айсұлтан» басшысы Олжас Қарымсақов.

Олжас Талғатұлының айтуынша, кәсіпорында қажетті арнайы техникалар паркі бар: «ГАЗ-53», «КамАЗ», қоқыс шығаратын көлік және қоқыс тиегіш. Айтпақшы, ЖК қызметтеріне құрылыс қалдықтары мен сұйық қалдықтарды шығару да кіреді.

Аудан орталығындағы қоқыс шығару мәселесін шешу жайы көптен бері талқыланып келеді: жауапты тұлғалар тұрғындармен әңгімелесіп, ұйымдасқан түрде ауылдан қоқысты шығару үшін келісімдер жасасуды ұсынуда.

Ережеге сәйкес, өз аумағында тазалықты сақтауға әр үйдің иесі жауапты (қоқысты қоқыс төгетін орынға апарып тастау немесе осындай қызметті көрсететін кәсіпкерлермен келісім жасауы тиіс). Ең бастысы, ауылымыздың көшелері таза болуы өзіміз үшін қажет.

Алуа ТҰРҒАНБАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.