АУЫЛЫМЫЗДЫ ЛАСТАМАЙЫҚ!

0

Бірінші байлық денсаулық, деп ұрандатқан дана бабаларымыздың денсаулықты алғашқы орынға қойғаны бекер емес. Осынау денсаулық кепіліне айналған қоршаған ортаның тазалығы мен ауылдың ажары тікелей өзімізге байланысты. Алайда, бұл тазалықтың жайы күн сайын айтыла-айтыла жауыр болып, теледидардан көрсетіліп, газеттерде жазылып, қалта телефонына түсіріліп жатқанымен құлағына ілмей, ауласын тазартпай, тазартса да қоқыс толы қаптарын түн жамылып, жол жиегіне тастаушыларды тыя алмай жатқан жайымыз бар. Көбіне қордайлықтар күл-қоқысын орталық көшелердегі жол бойына лақтыруға әуес.

Жақында Қордай ауылдық округінің әкімшілігі көше қиылыстарында орнатылған қоқыс орындарының барлығын алып тастап, орнына «қоқыс тастауға тыйым салынады» деген жазуы бар тақталар іліп қойды. Кейбір жерлерге бейнебақылау камераларын да орнатты. Десе де, осының барлығы тазалық мәселесін әлі де шешпей келеді.

Жақында Қордай аудандық мәслихаттың шешімімен тұрмыстық қалдықтарды жинауға бір тұрғынға 165 теңге белгіленген болатын. Яғни, тұрмыстық қалдықтарды жинап, шығару үшін бір мекемемен келіссеңіз, үйіңіздегі әр адам басына 165 теңге төлеуіңіз керек. Қордайда тұрмыстық қалдықтарды жинайтын «Жасыл Қордай» атты мекеме бар.

«Жасыл Қордай» өкілдерінің сөзінше, әр үй иесі осы мекемемен келісімшарт жасауы керек. Кейіннен, ай сайын бақылаушы ақшаны жинап отырады.

«Жасыл Қордай» мекемесінің телефон номері: +7 778 494 27 74.

Leave A Reply

Your email address will not be published.