АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ

0

Біз көбіне «ауылына қарап азаматын таны» деп жатамыз, ал осыны керісінше «азаматына қарап ауылын таны» деуге де болады. Өйткені ауылды түрлендіретін де, гүлдендіретін де ауылдың атқа мінген азаматтары, елді ел ететін де сол ауылдың бейнетқор ерлері екені белгілі. Бұл ретте, Сарыбастау ауылының өсіп-өркендеуіне бір азаматтай үлес қосқан Ғабидин Муфтадинұлын айтар едік

 

Қайда жүрсе де туған жерін бәрінен де жоғары қоятын жандар барда ауыл азып-тозбайды. Қайта тамырына қан жүгіріп, күндермен көктей, айлармен ажарлана, жылдармен жаңғыра түседі. Бұл сөзді Сарыбастау ауылының тумасы кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты, меценат Ғабидин Тулақбаевқа қарата айтуға болады.

Әңгімені әріден бастасақ, шаруасын дөңгелетіп, өзімен бірге өзгелердің де нәпақа айыруына сеп болып отырған шаруашылықтың бірі Ғабидин Муфтадинұлы жетекшілік етіп отырған – «Алтын-дән» қожалығы. Төрт түлік малын өсіріп, егін егумен айналысып келе жатқан шаруашылық 1999 жылы қиын-қыстау кезеңде құрылған. Жиырма бес жылдан бері дала төсінде шаруасын күйттеген қожалықта бүгінде 15 бас жылқы, 1045 бас қой-ешкі, 30 сиыр бар. Шаруашылық иесі мал өсірумен бірге егін егуді де қолға алып, тәп-тәуір өнім алып келеді. Қожалық иелігіндегі айдалмалы жер 900 гектар болса, жайылымдық жер 4500 гектарды құрайды. Аталмыш құрылым дала жұмыстарын толықтай еңсеріп үлгерген. Жалпы шаруа қожалықта механизатор, комбайншы, агроном сынды лауазымда 9 адам жұмыспен қамтылған.

«Жақсының жақсылығын айт», деген қазақ халқы мақал-мәтелінің терең мағынасы мен даналығы бар. Бұл сөздің астарында адамгершілік, ізгілік, жомарттық, және ризашылық сынды қасиеттерді дәріптеу жатыр. Сарыбастау ауылында туып-өскен азаматтың туған жеріне жасаған игі жақсылықтарын сөз еткіміз келіп отыр. Ғабидин Тулақбаев ауыл тұрғындары бір мезгіл серуендеп уақытын өткізетін және ауыл балаларының асыр салып ойнайтын саябақтың жоқтығын көріп, оны салу қажет деп түсінеді. Бүлдіршіндердің қауіпсіз жерде ойнағанын қалап, ауылы тұрғындары көмекке жұмылдырылып, бір гектардан астам аумаққа  саябақ салып береді. Қазір сарыбастаулық балалар ата-анасының көз алдында алаңсыз асыр салып ойнауда. Сондай-ақ ол жерде балаларын жетектеп келген ата-аналардың отырып демалуына жағдай жасалған.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын», деп халық даналығы айтқандай, саябақ ауласы кейіпкеріміздің демеушілігімен «қарағаш», «сібір қарағайы», «ақ акация», «қайың», «татар үйеңкісі» сынды үш жүзге тарта  түрлі сәндік тал көшеттері егілгенін айта кеткен жөн. «Ауылдың ажарын ашып тұрған бұл саябақтың төңірегі таза әрі бүлінбей тұруы – тұрғындарға тікелей байланысты. Әйтсе де тазалығын қадағалап, көздің қарашығындай сақтауға атсалысып жүрген Кенжебек Алтаев, Рита Тебаева, Айгүл Бармашова, Хануали Құсайынов, Мұрат Қылышбеков сынды әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі орасан. Аталған азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін»,-дейді кейіпкеріміз.

Ғабидин Муфтадинұлының айтуынша, шағын ауылда қажет дүниелердің бәрі «тайға таңба салғандай» анық көрініп тұрады және уақытты босқа жібермей ауылды жандандыруға көмектескен абзал. Сонымен қатар, Сарыбастау тұрғындарымен  бірлесе отырып, ауылдың көшесіне жарық қондырған. Айта кететін жайт, жарықтандыру жұмысы кезінде өзінің қызметін тегін көрсеткен Меирхан Орынбаевқа айтар алғысын айтады меценат.

Ауылының әлеуметтік мәселелерін шешуге бастамашыл болып жүрген Ғабидин Муфтадинұлы, ауыл азаматтарымен жиі пікірлесіп, ауыл игілігі үшін әлі де атқарылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісіп отырады екен. «Ауылға қажет дүниелерді сөз етеміз. Тек менің ғана еңбегім емес, бұның бәрі ұйымдасып істелетін жұмыс деп есептеймін», — дейді кейіпкеріміз.

Ауылын түлетіп отырған, еңбегімен еңселі Ғабидин Муфтадинұлының алған марапаттары да аз емес. Соның бірі, таяуда аудан әкімі Бегзат Болатбековтың қолынан алған «Халық мақтанышы» белгісі  талай жыл ауылдықтар әл-ауқатының өсуіне қосқан үлесінің жемісі.

Міне, «туған жерге туың тік» деген қағиданы берік ұстанған, сарыбастаулықтар алғысына бөленген жанашыр азаматқа толағай табыс тілейміз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.