«АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ»

0

Ежелден бері қарай еліміздің өмірі мен дәстүрі кісілік рухының көркем үлгілерін дәріптейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөздер халқымыздың бірлік пен ынтымақтастықтың құндылықтарын шын мәнінде сезініп, өмір сүрудің мәнін терең түсінгендігіне дәлел.

Қазақтың «Асар» дәстүрі – туысқандық пен мейірімділіктің өміршең белгісі. Ауылдарда бұл дәстүрдің салтанаты күннен-күнге күшеюі, адамның жан-дүниесінің тазалығын, ізгілігін көрсетуде ерекше маңызға ие. Жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан аталмыш дәстүр ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс.

Бүгінде Кенен ауылында да сол бірлік пен ынтымақтың гүлденіп, көрініс тапқаны қуантады. Ауыл тұрғындары бір-біріне қол ұшын беріп, мейірімділік танытуда. Бұл да еліміздің дәстүрлерінің тіршілігі мен мүддесінің салтанат құруының бір мысалы.

Ауыл азаматтары қамқорлық пен ізгіліктің үлгісін көрсетіп, сексен жастағы Нәсіпті Әжікеноваға арналған жаңа үйдің құрылысын салу үшін біріге отырып, аянбай еңбек етуде.

Бұл – халқымыздың шынайы ұлттық құндылықтарын жаңа заманда да жоғалтпай, оларды дәріптей отырып, игілікті іс жасаудың жарқын үлгісі. Мейірімділік, ынтымақтастық, және бірлік – біздің дәстүрлеріміздің негізі, ал аталмыш қасиеттер біздің қоғамымыздың дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.

«Біз ауылдастар, оның ішінде 1979-2001 жылы туылған ауыл азаматтары шама келгенше қаражат жинап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жаңа баспананың кірпішін қалаудамыз. Әзірге құрылыстың 70 пайызы аяқталып қалды. Бүгінде мұқтаж 2 отбасыға жаңадан баспана салып берсек, 1 отбасыға дайын үйді алып бердік. Сондай-ақ, ауылымызда 250 орындық ас беруге арналған хатымхана салынды», — дейді ауылдың белсенді азаматы Бекен Алпаров.

Мұндай іс-шаралардың маңызы ауыл тұрғындарының рухани байлығын арттырып, жастарға да үлгі көрсететіндігі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидаға негізделген ынтымақтастық, әрбір адамның жан дүниесіне жағымды әсер етеді.

Осылайша, халқымыздың дәстүрлері мен рухы нашарлыққа ұрынбағанын, қайта күш алып, жалғасын тауып отырғанын көрсетеді. Сондықтан, біз барлығымыз осы асыл дәстүрлерімізді сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз тиіс.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.