АУЫЗБІРШІЛІК АЛТЫННАН ҚЫМБАТ

0

Ауданда он тоғыз ауылдық округ болса Қарасай ауылдық округі соның арасында алдыңғы қатарлы округтердің бірі. Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған ауылдың ауызбіршілігі де көптің көңілінен шығып келеді. Айтылғанға айғақ ретінде қарасайлық жастар бірлігі мен тындырымды тірлігінің арқасында біршама жұмысты еңсеріп, ауылдың мерейін өсірген. Осыған орай ауылда орын алған тың бастама мен оң өзгеріске кезек берсек.
Мәселен, өткен жылы ауыл жастары бірігіп, мешіт маңынан асхана құрылысын жүргізген болатын. Бүгінде оның шапағатын күллі қарасайлықтар сезініп, жас та болса үлкен іске бас бола білген жерлестеріне алғыстарын айтуда. Мұнымен қатар, ауылға кіре берістегі саяқбақтың салынуына да ауыл жастары ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Бүгінде жасыл желекке бөленген бұл орын қарасайлықтардың сүйікті орнына айналып үлгерген. Қысқасы, ауылдың жастары бұдан өзге де қайырымды істердің басы-қасынан табылып жатады. Мысалы, өткен аптада ауылдық округ әкімдігінің бастамасымен ауыл жастары бірігіп таудағы су бұлақтарын тазалау жұмыстарын жүргізіпті. Айта кетсек, бұған себеп — ауылдағы ауыз су деңгейінің төмендеуі мен тұрғындар арасындағы шағымдардың жиілеуі. Мұндай жағдайға бейжай қарамаған ауыл жастары жиылып, бұлақтардың көзін тазалаған. Естеріңізге сала кетсек, Қарасай ауылына ауыз су бұлақтардан келіп, ауылға арнайы арық жүйесімен жеткізіледі.
«Қазіргі таңда судың ағыны жақсарып, деңгейі көтерілді. Бұлақ көздері ашылды. Осындай ерікті жұмыстарға қашанда атсалысатын ауыл жастарына тұрғындар атынан алғысымды айтамын. Ауылым дейтін, туған жері үшін әрдайым жандары ашып тұратын жастардың барына рахмет», — дейді ауыл әкімі Күлжахан Елемесова.
Қарайсайлық жастардан өзге ауылдың азаматтары үлгі алса бірқатар проблемалық мәселенің түйіні әлдеқашан тарқалары анық. Ең бастысы, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын естен шығармай, ауылдағы осындай жәйттарды бірлесе еңсеруді әдетке айналдырайық, ағайын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.