Қордай ауданының көлік инфрақұрылымын дамыту мен жол жағдайын жақсарту мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін сапалы көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды шаралар атқарылды.
Мәселен, 2024 жылы Қордай ауданында көлік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша үш негізгі жол жөндеу жобасы іске асырылды. Биыл да аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмысы жалғасын табатын болады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық маңызы бар «Ауқатты — Бәйтерек» автожолының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілгені баршаға мәлім. Ауқатты ауылынан аудан орталығына қатынайтын тұрғындар үшін бұл керемет жаңалық еді. Алайда, ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын автожол сазды жерде орналасқаннан біраз бөлігі бүлініп, үлкен ойық-шұңқырлар пайда болды. Осы орайда аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомоблиль жолдары бөліміне қарасты коммуналдық шаруашылық кәсіпорны мекемесінің жұмысшылары жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
Жоғарыда аталған 7,4 шақырымды құрайтын автожолдағы шұңқырларды жөндеу мақсатында 4 бірлік техника, 12 жұмысшы жұмылдырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жол жиегіндегі 13 жол белгісі түзуленіп, қосымша тағы 6 жол белгісі орнатылды.
Бұл жұмыстар ауданның транспорттық қолайлығын арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.