Біз – өткен ғасырда туып-өсіп, білім алып, Кеңес дәуірінің жақсылығы мен қиындығын қатар көрген ұрпақпыз. Сол кезеңнен жалғасып келе жатқан игі дәстүрлердің бірі – 8 наурыз мерекесі. Бұл күнді мектепте ұстаздарымыз үнемі еске салып, ең алдымен аналарымызды құттықтау керектігін үйрететін. Тақпақ жаттатып, ән шырқататын. Аналарымызды құттықтаған соң, ұстаздарымызға және өзімізге ұнаған қыздарға әсемхат пен кітап сыйлайтынбыз. Жылдар өтсе де, 8 наурыз мерекесі біз үшін әрдайым ерекше күн болып қала береді. Әрине, ең алдымен құрмет пен ілтипат аналар мен апаларға арналады.
Аналарымызды тек атаулы күнде ғана емес, әр күн сайын сыйлау мен құрметтеу – асыл қасиет. Біздің осы өмірде өз орнымызды тауып, бала-шаға өсіріп, немерелеріміздің қызығын көріп жатқанымыз ата-аналарымыздың тәрбиесі. Оларға мың алғыс айтамыз.
Көктемнің осындай шуақты мерекесінде 90 жасқа толған, Алланың өлшеп берген ғұмырын берекеге айналдырып, саналы ұрпақ тәрбиелеп, олардың қызығын көріп, елдің алғысы мен батасын арқалап отырған ардақты ана, тыл және еңбек ардагері Әлпия Сұлтанқұлқызының дара жолы жайлы сыр шерткім келеді.
Әлпия Сұлтанқұлқызы 1937 жылы 11 қаңтарда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Аңырақай станциясында дүниеге келген.
Әкесі Жетібаев Сұлтанқұл – елге абыройлы Дулат тайпасының айтулы азаматы, теміржолда аға бағыттаушы болып жұмыс істеп, адал еңбегі үшін өткен заманның барлық марапаттарына ие болды. Оның есімі әріптестері арасында бірінші айтылатын, ал пікірі ерекше құрметке лайық еді. Анасы Жәмилә (Жәміш деп еркелетіп атайтын) мейірімді, шаңырақтың жылуын сақтаған ұйытқысы болды.
Бастауыш білім алғаннан кейін, Әлпия Фрунзе (қазір Бішкек) қаласындағы №5 мектепте оқуын жалғастырды. Мектеп қабырғасында алған білімі оның өмірінде маңызды рөл атқарып, көзқарасын кеңейтті.
Әлпия апай бес ұлдың арасында жалғыз қыз бала болып өсті. Бұл оның мінезін шыңдап, дербестікке, жауапкершілікке және жақындарына қамқор болуға тәрбиеледі. Бала кезінен бастап ата-анасына шаруашылықта көмектесіп, еңбекті құрметтеу, отбасылық байланыстың күші және риясыз қамқорлық секілді өмірдің басты сабақтарын меңгерді.
1954 жылы Әлпия Сұлтанқұлқызы Тұрысбеков Қуанышбекке тұрмысқа шығып, Қордай ауданы, «Қызыл Октябрь» колхозына, Малоархангельское ауылына қоныс аударады. Осында олар тату-тәтті жанұя құрып, өз қолдарымен үлкен үй салды. Ол заманда бұл өңірдегі ең көрнекті баспаналардың бірі еді. Бұл үй жай ғана баспана емес, шынайы отбасылық ошақ, жылулық пен ынтымақтың нышанына айналды. Совет, коммунистік идеологияның каһары түсіп тұрған шақта бұл шаңырақтың астында қазақ халқының барлық салт-дәстүрлері сақталып тұрды. Бұл құт, береке қонған жанұя сол уақыттан бері көпшілікке үлгі бола білді. Оған себеп болған Қуанышбек ағамыз бен қазір кейуана болып төрде отырған Әлпия анамыз.
Ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ауыл шаруашылығының озат еңбеккері болды. Колхозда жұмыс істеп, жем-шөп қоймасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның міндеті – мал шаруашылығына қажетті азықпен қамтамасыз ету болатын. Бұл көзге көп түсе бермейтін, бірақ өте маңызды жұмыс еді. Әлпия Сұлтанқұлқызы өз ісіне адалдық танытып, әріптестерінің құрметіне ие болды.
Әлпия Сұлтанқұлқызы сегіз баланы тәрбиелеп өсірді, оның алтауы өз балалары: екі ұл және төрт қыз. Перзенттерінің барлығы заманына сай жоғары білім алып, халқына адал еңбек етіп, абыройлы азамат атанды.
Алтын жұлдыздарын міндетті түрде атап өтуіміз керек.
Тұңғышы Гүлнәр 1956 жылы туған, Мәскеудегі Тимирязев академиясын бітірген, агроном болып жұмыс істеген. Ерен еңбегі халыққа көрініп, атақты маман дәрежесіне жеткен. КСРО кәсіподақ қозғалысының орталық органы — Бүкілодақтық кәсіптік одақтардың Орталық Кеңесінің (ВЦСПС) мүшесі болып сайланды. Өткен ғасырда, Кеңес үкіметінің уақытында, 80-ші жылдары Қайта құрудан кейін ол бизнеспен айналысты, дәріхана мен сұлулық салонына иелік етті. Күйеуі Пётрмен үш бала тәрбиелеп, қазір олар қазақ және неміс тамыры бар 12 немеренің атасы мен әжесі.
Үлкен ұлдары Алексей мен жұбайы Лариса – төрт баланың ата-анасы, Канадада Монреаль қаласында тұрады.
Екінші қызы Гүлнәзім Мәскеудегі Тимирязев академиясында «Агроном» мамандығына оқып, дипломын алып келді. Туған ауылына келіп, еңбек жолын бастады. Білімді, іскер, белсенді қызды аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жоғары партия мектебін үздік бітірген соң, Алматы қалалық атқару комитетіне жұмысқа шақырылды. Көп жылдар бойы мектепте меңгеруші және балабақша меңгерушісі қызметтерін атқарды. Зейнетке шыққанына қарамастан лицейде педагог болып жұмысын жалғастырды.
1961 жылы Мұрат дүниеге келгенде, әке-шешесінің қуанышында шек болмады. Әкесі Қуанышбек мұрагері туды деп үлкен той жасап, бүкіл туған-туыс, дос-жаранға мал шалып, кең дастарқан жайды. Баласы әке үмітін ақтады. Екі әпкесіне тартып, мектепті үздік бағалармен аяқтап, Мәскеудегі Горячкин атындағы инженерлік институтты бітірді. Одан кейін Халықаралық еңбек академиясында оқып, қаржы саласы бойынша жоғары білім алып, Мәскеудің екінші дипломын иеленді.
Өз өмірін қажырлы еңбекке, өзін-өзі жетілдіруге және мансаптық өсуге арнады. 20 жыл ауыл шаруашылығында ерен еңбек етті. Бас инженер, ауыл шаруашылығы техникасының директоры және колхоз төрағасы лауазымды қызметтерін атқарды. Атақты, егемен Қазақстандағы меншікті үздік кәсіп орындарының бірі Алматы «Жігер» сүт комбинатының бас директоры және Қазақстанның Ұлттық экспорттық корпорациясының президенті болды. Білікті маман, жоғары деңгейлі ұйымдастырушылық қабілеті бар жігітті мұнай саласына шақырды: ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, содан кейін көптеген жылдар бойы Атыраудағы «Теңізшевройл» кәсіпорнында басшылық қызмет атқарды. Сол жерде жүргенде достарына, жерлестеріне қолының ұшын беріп, мұнай-газ саласындағы мекемелерге жұмысқа орналастырды.
Мұрат Қуанышбекұлы – халықаралық жемқорлықпен ымырасыз күрескер, Қазақстанның әділдігі мен ұлттық мүдделерін белсенді қорғаушы. Белсенді өмір салтын ұстанып, өз ұстанымдары мен қызығушылықтарына адалдығын сақтауда.
Осы тұста Мұраттың жұбайы Насихатты ерекше айтқым келіп отыр. Ол Қордай ауданының өнегелі отбасыларының бірінде өмірге келген. Әкесі Темірболатов Нұрғазы, анасы Қартайғанқызы Күлжәміш. Бүгін Насихат Әлпия енесінің жеті шөбересін бағып, өзі де сүйікті әже болып отыр. Сұлтан мен Силин немерелері АҚШ азаматтары. Насихат өнерге жақын адам. Ол өте жақсы суретші. Оның сурет көрмелері туралы бөлек жазамыз.
Екі жылдан кейін өмірге Гүлмира келді. Мектепті үздік бітіріп, оқуын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында жалғады. Содан кейін Алматы халық шаруашылығы институтында (Нархоз) қаржылық факультетін бітіріп, ағасы сияқты екінші жоғары білім алған. Он жыл бойы Қазақстан Халық жинақ банкінде жұмыс істеді, содан кейін мансабын коммерциялық құрылымдарда бухгалтер ретінде жалғастырды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол кәсіби қызметін тоқтатқан жоқ және қазіргі уақытта Ерлан ұлының компаниясында директор қызметін атқарады. Гүлмира Қазақстан мен АҚШ-та тұрады.
Раушан – 1965 жылы туған. Мектептегі үздік оқу үлгерімі үшін «Артек» пионер лагеріне жіберіліп, мектепті алтын медальмен тәмамдады. Алматы Мемлекеттік медициналық институтын фармацевтика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. Ағалары мен әпкелерінің жолын қуып кейін Мәскеуде Стандарттау, метрология және сертификаттау академиясынан сапа менеджменті факультетін бітіріп ол да екінші диплом алды.
Қырық жылдай фармацевтикалық өнімдердің сапасын бақылау жөніндегі мемлекеттік құрылымдарда еңбек етті, оның 30 жылы Қазақстан нарығына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тіркеумен айналысатын мемлекеттік сараптама ұйымында өтті. Фармацевтикалық өндірістерді тексеретін инспектор мәртебесіне ие. Қазіргі уақытта фармацевтика саласында табысты консалтингтік қызмет атқаруда.
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және «Халық алғысы» медалімен марапатталған.
Кенжелері Марат 1968 жылы туған. Әскери борышын өтегеннен кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып, жоғары білімді инженер болып шықты. Еңбек жолын туған ауылында механик болып бастады, кейін Жамбыл облысының жол полициясында инспектор болып қызмет атқарды.
Отбасымен Астанаға қоныс аударған соң, «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясында қауіпсіздік қызметінің басшысы болып жұмыс істеді.
2017 жылы жұбайы Назгүлмен бірге клинингтік қызмет көрсету бизнесін ашып, бүгінде табысты түрде дамытып келеді.
Ал немерелеріне келсек, олар туралы да мақтанышпен айтуға болады. Ата-аналары қасиетті Қордайда туып, Қазақстанның түрлі өңірлеріне қоныс аударып, өмір сүріп жатса, Әлпия апайдың немерелері ел шеңберінен шығып, шетелде білім алып, түрлі мемлекеттерге тұрақтаған. Бүгінде олардың тұрғылықты мекендері – Еуропа, Америка және Канада елдері. Қазір немерелерінің бірі – Алтынай Чехияның астанасы Прагада жоғары білім алуда.
Сонымен қатар, жолдасымен бірге олар жақын туыстары арасынан ата-анасыз қалған екі баланы да бауырына басып, өз перзенттеріндей өсіріп, қамқорлық көрсеткенін ерекше айту керек.
Ауыл арасында, үлкендердің әңгімелерінде Әлпия апайдың өз ата-анасына, енесіне, өзінен жасы үлкендерге жасаған жақсылықтарын аңыз қылып айтады. Ол рас.
Көп балалы ана бола жүріп, Әлпия Сұлтанқұлқызы әр баласының білім алуын басты мақсат етті. Көріп отырсыздар, барлық балалары жоғары білім алды, олардың төртеуі Мәскеуде оқыды, бұл ауылдық жердегі ғана емес, бүкіл аймаққа қарапайым отбасы үшін үлкен жетістік еді.
Алайда, олардың жүрек жылуы өз отбасыларымен шектелмеді. Жетім қалған немесе ата-анасының жұмысына байланысты мектепке бара алмаған туған-туыс балаларына да тәлім-тәрбие беріп, өмірлік жолға бағыт-бағдар көрсетті. Олардың үйі әрқашан көмекке мұқтаж жандар үшін ашық болды. Осындай кең жүрек, шексіз қамқорлық пен қонақжайлылық қасиеттері балаларынан да табылды. Бүгінде олар да ата-аналарынан алған өнегесін жалғастырып, үйлерінің есігін достары мен көмекке мұқтаж жандарға ашық ұстайды.
Тұрысбекова Әлпия Сұлтанқұл-қызының өмір жолы – табандылықтың, аналық махаббаттың және отбасыға адалдықтың жарқын үлгісі.
Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН, Қазақтану ғылыми-зерттеу институтының директоры