Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов тұрғындарды жеке қабылдады. Бұл шара тұрғындарға өз мәселелерін тікелей жеткізуге мүмкіндік беріп, әкімдік қызметімен тығыз байланыстың нығаюына септігін тигізді.
Аудан әкімдігіне қабылдауға келген тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік мәселелері бар екені байқалды. Бірқатары күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін ортаға салып, оларды шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау сұрады. Қабылдауда тұрғын үй, жарықтандыру, әлеуметтік қорғау және инфрақұрылыммен байланысты мәселелер басты назарда болды. Тұрғындардың бірі жарықтандыру жүйесінің нашарлығы туралы мәселе көтерді. Ол түнгі уақытта көшелерде жарық жоқтығын атап өтіп, бұл жағдайдың тұрғындардың қауіпсіздігіне зиян тигізетінін айтты. Бақыт Оңласынұлы, оның алаңдаушылығын тыңдап, осы мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, қабылдауда тұрғын үй мәселесі де кеңінен талқыланды. Көптеген азаматтар жаңа тұрғын үй бағдарламалары туралы сұрады, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер туралы ақпарат алғысы келді. Бақыт Оңласынұлы тұрғындарға мемлекет тарапынан тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында қандай бағдарламалар жүзеге асырылып жатқандығын түсіндірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған Қордай ауданы тұрғындарының қабылдауы сол қағидатты жүзеге асырудың көрінісі.
Мемлекет басшысы халықтың пікірін ескеру, олардың қажеттіліктерін түсіну және шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өткен болатын.
Бақыт Оңласынұлы, қабылдау барысында әрбір тұрғынның ұсыныстары мен сұрақтарына жауап берді.
«Азаматтардың мәселелеріне назар аудару, олардың өтініштеріне жауап беру – мемлекеттік қызметтің басты мақсаты. Тұрғындармен тікелей байланысты күшейту, мәселелерді жедел шешу мен оларды ақпараттандыру үшін әкімдік атынан тұрақты шаралар ұйымдастырыла береді», — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Мұндай шаралар – аудан тұрғындарының белсенділігі мен елеулі пікірлеріне сүйене отырып, жергілікті басқару сапасын арттыруға үлес қоса бермек.