Қазақстанның барлық өңірлерінде өтіп жатқан «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында 22 мамырда Қордай ауданында ауқымды тактикалық-арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жаттығудың басты мақсаты – азаматтық қорғаныс жүйесінің аумақтық бөлімшелерінің табиғи, атап айтқанда орман және дала өрттері кезінде іс-қимылдарға дайындығын арттыру.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша, сағат 10:00-де Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісіне Қаракемер ауылдық округіндегі таулы аймақта өрт шыққаны және жалынның орман алқабына таралу қаупі бары жөнінде хабарлама келіп түсті. Ақпарат шұғыл түрде тиісті қызметтерге жеткізіліп, аудандық және облыстық деңгейдегі күштер толық дайындыққа келтірілді.
Оқу-жаттығуға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Қарақоңыз» және «Қордай» орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемелерінің мамандары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Барлық жаттығу кезеңдері шынайы жағдайға барынша жақындатылып өтті: өрт орнына келу, техниканы орналастыру, өртті оқшаулау және түрлі құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру сәттері пысықталды.
Аталған іс-шара қызметкерлердің кәсіби даярлығын, техникалық жарақтандырылуын және төтенше жағдай кезіндегі өзара байланыс деңгейін тексеруге мүмкіндік берді. Мұндай оқу-жаттығулар өңірдің табиғи апаттарға төтеп беру қабілетін арттыру, құрылымдар арасындағы үйлесімділікті нығайту және халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін аса маңызды.