АЗИЯ ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

Қазақстандық боксшы, Қордай ауданы, Ауқатты ауылының тумасы Асқат Жантұрсынов (6-1, 5 КО) 1 мамыр күні Стамбулда (Түркия) ауыр салмақта UBO нұсқасы бойынша «Азия чемпионы» атағы үшін жекпе-жекке қатысқан болатын. Жекпе-жек Асқат Жантұрсыновтың жеңісімен ауыр нокаутпен аяқталып, жерлесіміз ауыр салмақта бокстан UBO нұсқасы бойынша Азия чемпионы атағын және бірінші чемпиондық белбеуін иеленді.

Мұхит асып, ел намысын қорғап келген чемпион өткен аптада жерлестерімен кездесті. Спортшымен кездесу кешіне Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатов, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы А.Жеңісбай, аудандық спорт бөлімінің басшысы С.Марат және №17 БЖСМ-ның басшысы Қ.Жұманқұлов және спорт сүйер жастар қатысты.
Жылы жүздесу барысында жас спортшылар Асқат Жантұрсыновқа көкейдегі сұрақтарын қойып, жылы лебіздерін жеткізді.
Артынан ерген жастарға Асқат өз кеңесін айтып, чемпиондық атақты алу оңай болмағанын, бұл тынымсыз еңбектің, дайындықтың нәтижесі, жанашыр жандардың қолдауының арқасы екенін тілге тиек етті: «Жеңістің артында қара тер мен көп еңбек тұрады. Осы жеңісіме сенген адамдардың бірі – Талғат Жұмаділдаев. Жаттығу барысында барын салып көмек көрсетті. Туркия елінде өткен жекпе-жегіме барып, қолдап, жанкүйер болып қайтты. Сонымен қатар, алғашқы жекпе-жегімнен бастап қолдау көрсетіп жүретін Асқар Жұмабаев ағама алғыс айтамын», — деді.
Аудан атын әлемге танытқан Асқатқа кездесу кешінің соңында жерлестері қазақы дәстүрге сай шапан жауып, Т.Жұмаділдаев тұлпар мінгізіп, үлкен құрмет көрсетті.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.