«Аспан айналып жерге түскендей» болған аптап ыстық шілде айында шын күшіне мінгендей. Әсіресе, тал түсте төбеден түскен шіліңгірде кез-келген адам салқын суға түсіп, аптығын басқысы келеді. Әсіресе, каникул қызығы енді басталған балалар үшін суға шомылу бұл бұлтартпас дәстүр, нағыз қызық шақ. Қалғұты ауылының тұрғындары, әпкелі-сіңлілі Айман мен Күлпанда осы күні ауыл балалары кешке дейін жағалайтын Қалғұты өзенінің бір сағасына барып, шомылып, асыр салып келуді көздейді. Бірақ, бұл күн олардың есінде мәңгіге қалары сөзсіз…
Түс ауған шақ. Ауыл жанындағы биік жырадан бірнеше метр төменде ағып жататын су тізеден сәл ақ асады. Алайда, оның қауіпті тұстары да жоқ емес еді. Оны осында келетін жандардың барлығы біледі. Шомылып, асыр салып жүрген балалар кенет Айман мен Күлпанның бірнен соң бірі суға шым батып кеткенін байқайды. Өзеннің қауіпті аймағына түсіп кеткен қыздарды алдымен жанында жүрген кішкентайлар көріп, суды жағалай айқалай жүгіреді.
Қалғұты ауылының тұрғыны Жанболат Бектібаев ағаны осындағы жұртшылық жақсы таниды. Өзінің жеке көлігімен аудан орталығына адам тасумен айналысатын ол, осы күні Қордайдан келе жатқан болатын. Жанұшыра жүгіріп, «батты, батты, суға кетті» деп жүгірген кішкентай қыздардың дауысын естіп, көлігін кілт тоқтатады.
«Судың жанына келгенде алдымен кішкентай қыздың шашын байқадым. Суға түсіп, алып шыққанымда, жанымдағы балалар тағы бір қыздың суда жатқанын айтты. Әріректен оны да тауып алдым. Жағаға алып шыққанда екеуіде дем алмай жатқан еді…», — дейді Жанболат Бекболатұлы. Мұндай мезетте адамның ойына не кіріп шықпайды десеңізші. Осы кезде, көмекке Арал ауылының тұрғыны Амир Иманов пен қалғұтылық Агамир Таптиков жетеді.
«Ойланып тұратын уақыт жоқ. Екі қызда жерде сұлқ жатыр екен. Екеуміз бірден көрген-білген көмегімізді жасай бастадық. Етпетінен жатқызып, арқасынан қағып, жасанды демалту әдісін қолданып бастағанымда кіші қыз есіне келіп, су құса бастады, бірден жылап жіберді. Ол сәтте бір батырлық жасау, немесе өзге бір ой болған жоқ. Ең бастысы қыздарды аман алып қалу керек болды», — дейді Агамир Таптиков.
«Мен өзіміздің бақшамыздан келе жатқанмын. Ол маңға көп тоқтай бермейтінмін. Осы күні бір құдірет менің кідіруіме себеп болғандай. Су жанында жиналып қалғандар арасында екі қыздың жатқанын анық көрдім. Мән-жайды бірден түсініп, қолымнан келгенше көмек көрсете бастадым. Сол кезде жаныма Агамир келіп жетіп, екінші кіші қызға көмек көрсете бастады. Айманның жағдайы шын мәнінде ауыр болды. Біздер бірден жедел жәрдемді шақырдық. Бақытымызға орай, олар бірнеше минут ішінде келіп, қыздарға медициналық көмек көрсете бастады. Жедел жәрдем көлігі ішінде Айман толықтай есіне келгенін білгенде шын мәнінде қуанып қалдық. Балалар аман болсын», — дейді Амир Иманов.
Өткен аптаның соңында Қалғұты ауылында орын алған жағдай осындай болған еді. Бір үйдің әпкелі-сіңлілері, 10-12 жасар Айман мен Күлпан Нұржау ауыл жанындағы суда шомылып жүріп, батып кетеді. Оларды байқап қалған ауыл азаматтары судан шығарып, қажетті алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалады. Ал, жеделдетіп келген дәрігерлер қыздарды ауруханаға апарып, көп ұзамай олардың өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын, алғашқы көмек көрсеткен жігіттердің дер кезінде үлгергенін жеткізді.
Бүгінгі күннің батырлары турасында әңгіме ертесі күні жалпы ауданға тарады. Әр секунд бағалы болған, балалар өміріне қатер төнген шақта сабырлық танытып, олардың өмірін алып қалуда барын салған жандарға қандай мақтау айтса да жарасады.
Ал, дүйсенбі күні Қалғұты ауылы құрамына кіретін округ орталығы Степное ауылының мәдениет үйінде арнайы жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық полиция бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов, ауыл тұрғындары мен ақсақалдары, қыздарды құтқарып қалған азаматтар және анасымен бірге Айман мен Күлпан келді.
Алдымен сөз алған Дамира Маратқызы бұл оқиға көпке сабақ болғанын айта келе, ұлтына, тіліне, дініне қарамастан бұл жағдай «Қазақстандық бірегейліктің» ең жарқын көрінісі екенін айтып, ерлік көрсеткен азаматтарға ақжарма алғысын білдірсе, Мақсат Ережепов Степное ауылдық округі тұрғындарына бұл оқиға нағыз ағайынгершіліктің көрінісінен сипат беретінін айтып, бірліктеріңіз баянды болсын, деген тілегін жеткізді. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай аудан әкімі Рүстем Дәулеттің арнайы Алғыс хатын Жанболат Бектібаевқа, Амир Иманов пен Агамир Таптиковқа табыс етті. Онда жасөспірімдердің өмірін құтқару үшін шұғыл әрекет жасап, алғашқы көмек көрсеткеніңіз, жазатайым жағдайдың алдын алуға бағытталған батыл қадамдарыңыз нағыз азаматқа тән ерлік пен адамгершілік үлгісі, делінген.
Алайда, ерлік көрсеткен жандар осындай жағдайға тап келсе ауылымыздың кез келген азаматы ойланбастан құтқару амалдарын іздейтін еді, дейді. Жиынға қатысқан қос қыздың анасы Айжамал Беласқанова көзіне жас алып тұрып, құтқарушыларға алғысын жеткізді. «Менің қыздарымды аман алып қалған жандарға айтар алғысым шексіз. Осылардың ішінде үлкен ағаларына көмек сұрап жүгірген кішкентай ғана Мөлдір мен Сезім атты қыздардың балаларымның құтқарылуына себепші болғанын ерекше атап өткім келеді. Осы жандар болмаса қазір екі қызымды құшақтап тұрар ма едім. Барлығыңызға рақмет», — дейді Айман мен Күлпанның анасы.
Балалар аман болсын, әсіресе жаз айларында су айдындарындағы қауіпсіздікті қатаң ұстаныңыздар.
Жандос ОМАРОВ