Ауданымыздың Қарасай, Еңбек ауылдары орналасқан аймақтың табиғатының көркемдігі көрген жанның көңілін баурап, жанарын жаулайды. Таулы жердің тұмса көрінісі, сілемдері мен адырлары, сылдырап аққан бұлақтары, қырмызы қыраттары, көркемдігі, ат мініп, бүркіт ұстап, саятшылық жасауға нағыз таптырмайтын орын. Содан болар ол аймақта саятшылыққа құмар, жүйрік ұстап, тазы ертіп, қолына бүркіт қондырып, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп сайланған жандар көп шыққан. Жай күндері қарапайым шаруа, қансонарда нағыз аңшыға, саятшыға айналып шыға келетіні де осының айғағы болар.
Наурыз мерекесі қарсаңында жиырма жылдан астам уақыт қазақ халқының қанына сіңген саятшылықты ұстанған Еңбек ауылының тұрғыны Әлішер Малабековпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Жастайынан өнерге құмар болып өскен ауыл баласы арман қанатында өткен ғасырдың 80-ші жылдары Қаскелең қаласындағы мәдениет училищесіне оқуға түседі. Елімізге белгілі күйші, сазгер, ғалым Біләл Ысқақовтан тәлім алып, бірнеше аспапта еркін ойнаған Әлішер Малабеков аталмыш оқу орнында білім алып жүрген екінші жылы желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалып, белгілі себеппен жалынды жастар қатарында оқудан шығып кете барады. Ол енді бөлек әңгіме.
Туған жерге келген соң әртүрлі қызмет атқара жүріп, қанына біткен саятшылық өнерге шындап кіріседі. Домбыра, қобыз, фортепиано, гитара, прима, тіпті виолончельде ойнай білетін Ә.Малабеков 90-шы жылдары ауыл көркемөнерпаздар үйірмесіне үнемі көмекке келіп, түрлі байқауларға қатысып, топ жарған кездері де болған. Үнемі жүйрік атқа, құмай тазы мен қыран бүркітке құмарлық сол іске түбегейлі бет бұруға әкеледі. Қарасайдың таулы аймақтарынан бүркіт ұстап, баптауды үйренеді. Әр сайы мен әр тасын жатқа білетін ол қай құзда қандай бүркіт, қай қырда қандай қаршыға мекен етенінін біледі.
-Алматылық атақты бүркітші Әділқас Тұрдыбаевтан көп дүниені үйрендім, бүркітшіліктің қыр-сырын содан меңгердім, дейді кейіпкеріміз.
Еңбектегі қарапайым үйінде әлі күнге сол бүркітшілікпен айналысқан шағында қолданған заттары сақтаулы. Жақында сол бір сүйікті ісін қайта жаңғыртсам деген ой да жоқ емес.
-Бүркіт ұстау, қыран баптау оңай шаруа емес. Баладай қарау қажет. Саят құстарына бүркіт, сұңқар, қаршыға, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстар жатады. Ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «бір сырлы, сегіз қырлы» болуды талап етеді. Саятшылардың ең негізгі құралы – қыран бүркіт. Ол өте текті құс. Оны жігіттің жігі ғана ұстап, бабын келтіріп, аңға салады. Құсты күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі бір ғылым. Оның сырын құсбегілер өте жақсы біледі. Бабы келген бүркіт қыс айларында қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Ал жаз кезінде қыран қаз-үйрек, қырғауыл, кекілік ұстайды. Бүркітті балапан кезінде тау басынан, құз қиясынан аласың, — деген Әлішер Малабеков бізге кекілік ұстаған торлары, қасқырға салған қақпаны, бүркіт томағасы мен балақбауларын, бүркіт қонатын балдақтарын көрсетті. Осылардың ішінде түйе терісінен жасалатын томаға ерекше әсер қалдырады. Көз алдыңа басында қазақи бөрік киген, үстінде қалың шапан, қолында бүркіт қонған аңшыны, әні-міне томағасын сыпырып аңға қоя беретін шақты елестетіп, Абайдың:
«Қолыңнан өзі түлеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт,
Алыстан ат терлетіп тапсақ таңдап», — деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.
— Жиырма жылға жуық уақыт ішінде 7-8 бүркіт, 1-2 қаршыға ұстадым. Әрқайсының өзіндік мінезі бар. Ерекшеліктері, ептіліктері де өзгеше болып келеді. Олар сенің тіпті көңіл күйіңе дейін сезіп отыратын қасиетке ие. Бүркіт салып жүрген кезде небір оқиғалардың куәсі болдым. Бірде қоянға салған бүркітім тым биік ұшып кетті де ауылға қарай бет бұрды. Артынан тұра жүгірдік. Сөйткенше болған жоқ, үнемі аңшылыққа мінетін сары атымның үстіне барып бірақ түспесі бар ма. Ол шошып кетіп тұра шапты. Сөйтсем биікте атымды танып, тура соған тартқан ғой. Ол кезде үй маңында жайылып жүрген еді. Бірде құрған қақпаныма қасқыр түсіп, оны босатып алуға барсам ауыл мектебінің балалары артымнан бірге жүгіріп, көмекке келді. Осыны естіген мектеп басшылығынан аздап ұрыс естігенім де бар. Осындай-осындай жағдайлар болды , — деп еске алады саятшы.
Бүгінде алпыс жасты алқымдап, зейнет жасына жақындаса Әлішер ағамыз сол бір әдемі әдетінен танбаған. Үйінде таза қанды жылқы ұстап, тазы асырағанды ұнады. Кездесу кезінде қолына домбырасын алды да, қазақ күйлерінен бебеулетіп төгіп-төгіп жіберді. Үлкен ұлы Алматыда арнайы жасап келген домбыра екен. Әке қанымен барған қасиет болар, ұлы домбыра жасаумен әуестенеді. Осы сәтте үйге кенжесі Аршын жүгіріп келді. Ауылдың күні мен желіне жүзі тотыққан ұлды әкесі шабандоз қылсам дейді. Оған ебі де ниеті де жақсы деп отыр. Қара балақайдың көзі күлім-күлім етті бұл сөздерді естіп.
Әлішер Молабеков екі ұл, үш қыздың әкесі. Балаларына білім беріп, оқытып-тоқытып, өзі баптаған құстай орнына қондырсам деген әкелік ниет бар. Ол армандары да орындалады деп ойлаймыз. Жастайынан саятшылықты жанына серік еткен Әлішер ағамызға сәттілік тілейміз.
Жандос ОМАРОВ