БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Соның бір айғағы — Республика күні қарсаңында, Қордай ауылындағы «Болашақ» ықшам ауданындағы спорттық сауықтыру кешені жанынан жасанды жабынмен жабдықталған шағын футбол алаңы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ауыл әкімі Әділет Қаспақбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері және жас спортшылар қатысты.

«Біздің халқымыз ежелден денсаулықтың құндылығын түсініп, оны басты байлыққа санаған. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту-мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Осы жылдар ішінде ауданның көптеген ауылдарында заманауи спорт ғимараттары салынды. Ауданымызда салауатты өмір салтын насихаттауға және спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі «Болашақ» ықшам ауданындағы шағын футбол алаңының салтанатпен ашылуы да бұл сөзіміздің дәлелі», — деп сөз алған Дамира Маратқызы жас жеткіншектерге естелік сыйлықтар табыстады.

Осыдан кейін, ауыл әкімі Әділет Меделбекұлы футбол алаңының пайдалануға берілуі ауыл жастарына жасалған қамқорлық екендігін және аудандық бюджеттен 9 млн. 987,9 мың теңге қаржы қаралып, мердігер жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағанын айтты. Шара соңы жасөспірімдер арасындағы спорттық бәсекеге ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.