Сол бір аумалы-төкпелі кезеңді көзге жас алмай еске алу мүмкін емес. Муталиева Малхан Хусаиыновна 1953 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. Ол шешен халқының ауыр тағдыры жайлы ата-анасының әңгімелерінен ғана біледі.
1944 жылдың 23 ақпаны, түнгі сағат 2. Сықырлаған аяз, қар тізеге дейін жауды. Түн тыныштығында тербеле ұйықтап жатқандарды: «Ашыңдар! Ішкі істер халықтық комиссариаты!», деп есікті солқылдата ұрған дауыстар оятты.
Осылайша шешен халқының басына талай қайғы-қасірет әкелген «Чечевица» операциясы (дохадар, ардахар, махкахдахар – «қуып шығару, жою») басталды. Кеңес Одағында 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурызы аралығында шешен азаматтарын Қазақ және Қырғыз жеріне күштеп жер аудару жүргізілді. Сол кезде жарты миллионға жуық адам өз үйлерін тастап, барынан айырылып, алыс, бөтен елге жер аударуға мәжбүр болды. Депортация кезінде және одан кейінгі жылдары шамамен 100 000 шешен қаза тапты, бұл шамамен әрбір төртінші адам еді.
КСРО Халық Комиссарлар Кеңесіне шешендерге жаңа елді мекендерден жер бөліп беру және оларға шаруашылықтың дамуына қажетті мемлекеттік көмек көрсету тапсырылды…
Бірақ шындығында жағдай қандай болды?
Кейбір тарихшылардың пікірінше, Шешен-Ингушетиядағы «кең антисоветтік қозғалысқа» қатысты жағдай кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қыңыр-қисық амалы ғана болған. Басқа ұлттың еркектеріне тұрмысқа шыққан шешен және ингуш әйелдері жер аударудан босатылды. Керісінше вайнахтарға тұрмысқа шыққан орыс әйелдері жер аударуға ұшырады. Олар некелерін бұзу арқылы депортациядан құтыла алатын, бірақ бұл олардың балаларын депортациядан босатқан жоқ.
Халықтарды жер аудару, олардың мемлекеттілігін жою, шекараларды өзгерту заңсыз деп танылды. Бірақ жоғалған өмірлер, қираған үйлер, тұтас бір халықтың жойылған мәдениетін қалпына келтіру мүмкін емес еді…
Билік тарапынан босқындардың эшелондарын медициналық және азық-түлікпен қамтамасыз ету көзделген. «Арнайы контингент» «28-32 адамдық сыйымдылығы 45 болатын жүк вагондарына, қарбалас кезде 100-150 адамға дейін сығымдалған».
Балалар мен қарттар еденде отырып немесе жатып, суыққа, аштық пен шөлге шыдап, жер аударылғандар ауыр зардап шекті. Жолда 1272 адам ауру мен аштықтан қайтыс болды. Олар сол пойыз вагондарында жатты, ал конвой оларды күніне бір рет жинап әкететін. Мәйіттер пойыздан бес метрден аспайтын жерге, қарға көмілген, әйтпесе оқ жаудыратын.
«Қоныс аударушылар» өздерін отыз күн жол бойы азық-түлікпен қамтамасыз етулері керек еді. Шындығында, олар түнде ештеме түсіндірілместен немесе қажетті заттарды, азық-түлікті немесе ақшаны өздерімен бірге алып кету мүмкіндігінсіз ұсталды. «Қара керуен» жолының бойында азық-түлік бекеттері болмаған. Сондықтан бәрі де аштықтан зардап шекті.
Малхан Хұсаиыновна көп балалы отбасында өсті. Олар Қырғызстанға жер аударылды. Кішкентайынан ауыл шаруашылығының ауыр жұмысына үйренген ол анасынан қарапайым әйелдік даналықты үйренген.
-Ең қиыны соғыста бытырап кеткен бүкіл отбасын біріктіру болды. Анам шешендерден біздің туыстарымыз туралы бірдеңе білетін шығар деп сұрап, әке-шешесін іздеді. Бір күні анамды бір әйел тоқтатты: «Анаңды табасың, жеті бала туып, 85-ке дейін өмір сүресің». Сол әйелдің айтқаны орындалды. Отбасы ол кезде Қырғызстанда тұратын. Анасы ауылды аралап жүріп үй шатырын жөндеп жатқан ер адамды кезіктіреді. «Исити қайта тұратынын білесіз бе? Мен оның қызы едім…»№ Әжем бақшада шөп отап жүрген: «Қызым?! Сені тірі кезіктерімен деп ойламадым…».
Шешен халқының дәстүрі бойынша адамдардың бір-біріне деген сезімін барынша көрсетуге тыйым салынады. «Көз жасым тоқтамастан, анама қарап тұрдым, бірақ құшақтай алмадым», — осылайша көптеген жылдардан кейін екі жақын адам – анам мен әжем кездесті», — деп әңгімесін жалғастырды Малхан Хусаиновна.
Арада жылдар өткен соң Малхан Хусаиыновна Бадруди Багазаевқа тұрмысқа шығып, жаңа отбасымен Георгиевка, қазіргі Қордайда тұратын болды. Оның күйеуі Бадруди Багазаевтың отбасы қоныс аударар алдында шешендер елінің бөктеріндегі Лесті жотасының етегіндегі Шали қаласында тұрған. Ол бірнеше шағын өзендермен қоршалған. Жұмсақ климат, гүлдер мен ағаштар, ауаның өзі шипалы… Бұл олардың отаны. Тағдырдың жазуымен олар сонау Қазақстанға, Жамбыл облысына, Рғайты ауылына орналасты. Күтпеген, бейтаныс, аштықтан жадап, сырқаттанған олар мемлекет уәде еткен баспанаға қол жеткізе алмады. Оларды бейтаныс адамдар күтіп алып, үйлеріне жайғастырды..
-Ата-бабамыз қазақ деген ұлт жайлы естіген де емес, – дейді Малхан Хусаиыновна, оның айтқан сөздерін жер аударылған өзге ұлт өкілдері – ингуш, дағыстан, әзірбайжан, кәріс, ирандықтар да айтып отырады.
–Күйеуімнің әкесі Бадруди Хамид Багазаев әйелі, екі ұлы және бес қызымен Қазақстанның Рғайты ауылына қоныстанды.
Ата-анасы мүлде бейтаныс адамдар оларға жылы шырай танытып, баспанамен көмектесіп, киім-кешек пен тамақты бөліскендерін айтты. Казармадан екі бөлме берілді. Олар қазақша сөйлеуді үйренуге тырысты. -Біздің отбасымызда көмек қолын созып қана қоймай, аштық пен жоқшылықтан аман алып қалған халықтың тілін бәрі біледі, — деп еске алады Малхан апа.
Бадруди екі жасқа толғанда анасы қайтыс болды. Ашаршылықтың зардабы болар. Денесі жергілікті зиратқа жерленді, қабіріне тас қойылды. Арада талай жыл өтсе де: «Осы дүниеден кететін уақытым келгенде, менің денемді Кавказға апармаңдар, анам жатқан жерге жерлеңдер…» деп өсиет еткен, балалары ана тілеуін орындады.
Бадруди Багаев мектепті бітірген соң әскерге кетті. Демобилизациядан кейін автобазада, аудандық тұтынушылар одағында, «Путь Ленина» колхозында жүргізуші болып жұмыс істеді. Оның «Ерен еңбегі үшін» медалін қазір немерелері мақтан тұтады. Балаларын еңбекке, үлкенді сыйлауға, қазақ халқына тәрбиеледі.
-Біз халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрін бұлжытпай сақтаймыз, – дейді оның ұлы Ризван Багазаев. -Бүгінгі күнге дейін аналарымыз ұлдарына келін таңдап, қыздары мен келіндерін шешен тағамдарын, халықтық әдет-ғұрыптарын үйретіп келеді», — дейді. Ризван Бадрудинович отбасында барлығының мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін айтуды ұмытпайды. Бұл қазақтардың адамгершілігі мен жақсылығына деген алғысы деп есептейді ол.
Оның қазақ, корей, орыс арасында достары көп. Ал, Бағазаевтардың дастарханында өзара татулықтың дәлелі – әртүрлі халықтардың дәстүрлі тағамдары, тісбасарлары мен дәмдеуіштерін көруге болады.
…Біз шешен халқының сүйікті шелпектерімен хош иісті шай іштік: асқабақ салмасы бар хингалш және сүзбе мен шөп қосылған чепалгаш. Олар дастарханның сәнін келтіріп тұрады.
Қонақжай үй иесі Малхан Хусаиыновна бүінге 73 жаста. Ол өз халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті туралы көп айтады. «Біз өз өмірімізді, бала-шағамызды, немере-шөберелеріміздің өмірін қарапайым қазақ халқына қарыздармыз, қазақ – біздің үлкен ағаларымыз» деп қайталап отырады.
Шешендердің қонақжайлылығы жай ғана игі дәстүр емес, ертеден келе жатқан киелі салт. Ол шешен болмысының тіректерінің бірі болып саналады және құрмет, жомарттық және адамгершілік сияқты құндылықтарды қамтиды.
… «Чечевица» операциясы басталғаннан кейін 13 жыл өткен соң КСРО және РСФСР Жоғарғы Кеңестері Президиумдарының 1957 жылғы 9 қаңтардағы жарлығымен Шешен-Ингуш Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы қалпына келтіріліп, шешендердің туған жеріне оралуына рұқсат етілді. Бірақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбі Қазақстаннан ешқайда кетпеді.
Қазақстанды өз үйі, атамекен санап, Бағазаевтар отбасы тарихи отанына кеткен жоқ. Ризван Бадрудинович айтқандай, мұнда олардың туыстары мен жақындары тұрады, жақындарының бейіті де осында. Олардың балалық шағы осында өтті, отбасын осында бастады, балалары да осында дүниеге келді. Бірақ олар тарихи отандарын ұмытпайды — зиярат етіп, ата-бабасының бейітіне тағзым етіп, отбасылық тамыры қалған жерлерді көріп келу үшін тарихи отанына барып тұрады.
Сол қиын күндер артта қалды. 80 жылдан астам уақыт бұрын қуғын-сүргінге ұшырағандардың бесінші ұрпағы олар туралы сол кезде әлі бала болған ақсақалдардың әңгімелерінен біледі. Бүгінгі таңда Қазақстанның кең байтақ жерінде біздің ортақ үйіміз – Қазақстанның игілігі үшін өмір сүріп, еңбек етіп жатқан көптеген вайнахтар тұрады. Олар тек өзінің ғана емес, сонымен қатар елімізде тұратын барлық этностардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін құра отырып, құрметтеп, оның толыққанды азаматтары бола отырып, мемлекеттің әлеуметтік және рухани дамуына үлес қосуда.
Айта кетейік, Қордай ауданында 2000 жылы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі құрылған, қазіргі жетекшісі Эльсихан Хазбулатов.
Бірнеше жылдан бері қауымдастық өкілдері қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға, табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын беріп, республикалық қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Кәсіпкерлер Мәдина Дәнелханова мен Ләйлә Еділова мұқтаж жандарға үнемі көмек көрсетіп тұрады.
Салт-дәстүрді, халықтар достығын насихаттауда үлкен жұмыстарды ақсақалдар мен жастардың тәлімгерлері –Яхья Ахтаханов, Зайди Кагиров, Мұмады Хасанов, Вахид Гаджаев, орыс тілі пәнінің мұғалімі Хеда Куцаева атқаруда.
Орталық белсенділері барлық облыстық, аудандық шараларға қатысады. Ұлттық киім киген жастар жалынды лезгинканы билесе, әйелдер өз халқының аспаздық тағамдарымен таныстырады.
Қуғын-сүргіннің 82 жылдығына орай 23 ақпанда Бағазаевтар әулеті қайғылы қазаға ұшыраған туыстарына дұға бағыштап, ант берген бауыры қазақ халқына шексіз алғыстарын білдіру үшін дастархан басына жиналады. Бұл күні үш бала, тоғыз немере, бес шөбере үйіне қонаққа келеді.
Қорытындылай келе, шешендердің «Бұтағы жоқ ағаш сынғыш келеді» деген нақыл сөзін қайталап айтқым келеді.
Ляйлим ДОСЕМБЕКОВА
Суреттерде: Бадруди Хамидович Багазаев және Малхан Хусаиновна Муталиева немерелерімен