БӘЙТЕРЕК – ДИҚАНДАР МЕКЕНІ

0

Ауыл-аймақтың әл-ауқатын оқырман қауымға паш етіп, азаматтардың өмірінен сыр шертетін «Ауыл тынысы» айдары аясында аудандық

басылым тілшілері таяуда Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында болып қайтты. Айналдырған төрт көшесі бар, бір кездері күріш көптеп егілген шағын елді мекен әлі күнге дейін қалың көпшілікке «рисполе» деген атпен таныс.

Қазіргі таңда мұнда күріш өсіру ісі келмес-ке кеткен. Алайда, жергілікті тұрғындардың ешқайсысы диқаншылықтан қол үзген жоқ. Ерте көктемнен егістіктен шықпай, Жер-анадан ризығын теретін бәйтеректіктер үшін қазір жауапты кезең. Диқандар жиын-терім науқанына білек сыбана кірісіп, қолайлы сәтті қалт жібермеуге тырысып бағуда. Мұнымен қатар, соңғы жылдары бұл ауылда тұрғындардың игілігі үшін жасалған жұмыстар қатары жетіп артылады. Атап айтсақ, өткен жылы талайдан бері тұрғындардың бас ауруына айналған «Бәйтерек-Ауқатты» автомобиль жолы жасалып, ауылішілік көшелерге асфальт төселді. Бұл аз болса орталық көшенің бойына жаяу жүргіншілер жолағы төселіп, түнгі уақытта ауылға әр берген заманауи жарық шамдары мен жарасымды аялдамалар орнатылды.

Жалпы, Бәйтерек халқының басым бөлігі дүнгендер. Дейтұрғанымен жергілікті жұртшылықтың мемлекеттік тілді меңгеремін деген ниеті жоқ емес. Мұны біз ауылдық №45 негізгі мектепке барғанда байқадық. 1999 жылы «асар» әдісімен салынған білім ошағын бүгінде Данияр Әлімбеков басқарады. Бүгінде мектепте 208 оқушы оқыса, білім және тәрбие беретін 22 мұғалім жұмыс істейді.

«Соңғы жылдары мектебімізде қазақ сыныптарына балаларын бергісі келетін ата-аналар көбейіп келеді. Қазіргі таңда нөлінші және үшінші сыныпқа дейінгі балалар арасында қазақ тілді сыныптар бар. Менің ойымша, бұл өте жақсы үрдіс. Осылайша жалғаса беретін болса, алдағы уақытта қазақ тілді сыныптардың саны артады», — дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Данияр Әлімбеков.

Айта кетсек, 2019 жылы ауылда 10 келушіге арналған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған. Мұнда «басы ауырып, балтыры сыздаған» ағайынға барлық қажетті жағдай жасалған. Медбике Салима Хан-Хан науқастарға қызмет етеді. Оған Роза Амангелдіқызы көмектеседі.

Ауылдық округ әкімі Бірлік Менкеевтің айтуынша, жақында арада жаңа жекеменшік балабақшаның ашылуы жоспарланған. Осылайша, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған шаралар жан-жақты қолға алынып келеді.

«Ауылдан қалаға көшетін ойым мүлде жоқ. Басшылықтың бастамасының арқасында жолымыз жасалып, аудан орталығына қатынауымыз жеңілдеді. Бұл үшін билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Жалпы, ауылда жұмыс істеймін деген жанның екі қолына бір күрек табылады. Бақшадағы жұмыспен қатар, көлігіммен Қордайға қарай жолаушыларды жеткіземін. Осы орайда, тозығы жеткен электр бағандарын ауыстырып, жаңа трансформатор орнатып берсе деген тілек бар», — дейді ауыл ақсақалы Санжур Машанло.

Диқандар демекші, ауылды аралап «Нарынбек» шаруа қожалығының басшысы Лихарбай Дауров есімді шаруамен тілдестік. Өмір бойы егістікте жұмыс істеп келген қария жасына қарамастан әлі күнге дейін жұмыстан қол үзген емес. Биыл шаруа 6 гектар жерге жүгері, 11 гектар алқапқа арпа, 30 гектарға шөп және 7 гектарға картоп пен сарымсақ отырғызған. Шағын агроқұрылымда қызмет ететін 13 еңбеккер сиыр, қой бағады екен. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің үйінің маңында жаңғақ, алма ағаштары, қарақат, таңқурай және жүзім жидектері жайқалып тұр. Жеміс-жидектерді өсіріп, күту жұмыстарына оған жары Софиан және немерелері көмектеседі екен. Сұхбат барысында Лихарбай Дауров өзінің басты мақтанышы жайында баяндап берді.

«Осыдан бірер жыл бұрын үйдің жанынан ағатын шағын каналдың бойынан кішігірім тоған қаздым. Тоғанға су жинап, 3500 балық шабағын жібердім. Бүгінде мұнда карп тұқымдас балықтардың түр-түрі бар. Бұл іс менің арманым еді. Қазіргі таңда туған-туыстарым мен ауылдастарым мұнда балық аулауға келеді», — дейді Лихарбай Дауров.

Қысқасы, Бәйтерек ала жаздай еңбек етіп, ата кәсіпті дөңгелеткен шаруалар үшін қолайлы мекен. Суы мол, шұрайлы жерді еңбек етуді сүйетін, ұлттық құндылықтарын ұмытпайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін азаматтар мекендейді.

Ляйлим ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.