Мереке қарсаңында Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында «Желілермен су алу құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы аясында жаңа ауызсу нысаны пайдалануға берілді.
Бұл — Мемлекет басшысының елді мекендерді таза ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Ел үшін ерекше мәнге ие «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мен «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, округ әкімі Алмас Иенберген, ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты.
Құрылысты жүргізген «Korday Group» ЖШС нысанның сапасына айрықша көңіл бөліп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түсті.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Оңласынұлы:
«Құрметті ауыл тұрғындары! Қадірлі жиналған қауым! Бүгін Бәйтерек ауылында ел игілігі үшін маңызды жобаның – ауызсу жүйесінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Бұл – ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа су жүйесі ауылымызға береке мен игілік әкелсін. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!» – деп құттықтауын жеткізді.
Келесі сөз кезегі ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Төлебай Баймұхамбетовке берілді. Ол өз сөзінде:
«Бүгін – ауылымыз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Ұзақ жылдан бері шешімін күткен ауызсу мәселесі түбегейлі шешіліп отыр. Бұл — Мемлекет басшысының елді мекендерді дамытуға бағытталған саясатының нақты жемісі. Ауыл ақсақалдары атынан осы іске атсалысқан барлық мемлекеттік органдарға, мердігер компанияға алғысымды білдіремін» – деді.
Айта кету керек, былтыр ғана Бәйтерек ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұл да — ауыл инфрақұрылымын дамыту жолындағы ауқымды жұмыстың бір көрінісі. Жаңа білім ордасы ауыл оқушыларына жайлы әрі заманауи оқу жағдайын қамтамасыз етуде.
Қордай ауданы бойынша қазіргі таңда 19 ауылдық округ, 41 елді мекен бар. Оның 37-сі таза ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Тұрғындарға ауызсу қызметін «Қордай Су» КМК, «Ақсу Қордай» ЖШС және «Закир және К» ЖК көрсетеді.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын ауызсу құбыры желілері тартылып, нысан толық іске қосылды. Бұл – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік инфрақұрылымдық жоба.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ