«БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!»

0

Сұрапыл соғыс жылдары тылда тер төккен азаматтардың еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үлкен. Ұрыс даласына аттанғандардың тамағын, киім-кешегін уақытылы жеткізумен қатар, ауылда қалған үлкен кісілермен, әйелдермен бірге тылда еңбек еткен жандардың бірі – Қордай ауылының тұрғыны  Нәби Ермекбай.

Нәби Ермекбайұлы 1933 жылы 14 қазанда Қасық ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз басынан ел тарихындағы аумалы-төкпелі кезеңдердің бірі – сұрапыл соғысты өткерген. Балалық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған соғыс жылдарын есіне түсіргісі де келмейді. Жеңіс таңын жақындатуға атсалысқан тыл еңбеккері соғыс басталған жылы небәрі сегіз жасар бала еді. Еркек атаулының бәрін майданға алып кеткенде, ол ауылдағы қариялар,  әйелдермен бірге тылдағы еңбекке араласты. Ардагер осыдан он шақты жыл бұрын «Егемен Қазақстан» республикалық басылымына кішігірім сұхбат беріп, онда соғыс жылдары туралы естеліктерімен бөліскен. «Біз соғыс кезінде буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баламыз. Соған қарамастан, ауылдағы үлкен кісілермен, әйелдермен бірге қырманда еңбектендік. Сол кезде қазақ ұлтын көпшілігі біле бермейтіні қынжылтатын. Ал қазіргі кезде қазақ атын әлем танығанына Аллаға шүкіршілік етемін»,— деген Нәби Ермекбайұлы.

Жастық шағын ауыр еңбекпен, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен өткізген Нәби ата бүгінде жасы тоқсаннан асқан қария, өзінен тараған үш қыз, екі ұлынан немерелер сүйіп отырған ардақты ата. Құлағы дұрыс естімейтіндіктен өзімен жеке сұхбаттаса алмадық. Бірақ, ардагердің өмірі мен еңбек жолы турасында қыздары айтып берді.

Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласса да, оқушы Нәби білім алуға құштар болып өсті. Ауыл мектебін бітірген соң,  Алматы қаласында мұғалімдерге арналған оқыту курсын аяқтаған. Еңбек жолын Ырғайты мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.  1974 жылы Георгиевкаға (қазіргі Қордай ауылы) көшіп келіп, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, оқытудың техникалық құралдар бөлімінің меңгерушісі, инспектор болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, Қасық орта мектебінде директор, Ы.Алтынсарин атындағы мектепте (№47 орта мектеп) мұғалім болып еңбек етті. Оқу-ағарту саласында 40 жылдан астам еңбек етіп, ауданның білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Қордай ауданының Құрметті азаматы» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

Қайтсек жеңіске жетеміз, қайтсек жерімізді аман алып қаламыз, деп таңнан қара кешке дейін тер төгіп, кешегі қасіретті күндерді бастан кешкен тыл еңбеккерлерінің бір ғана арманы бар. Ол – ұрпағының ашық аспан астында алаңсыз өмір кешуі. «Әкеміз бізге  үнемі қазіргі күндеріңе шүкір деңдер, сендер бақытты ұрпақсыңдар, деп айтып отырады. Өздері көрген ауыртпалықты біздің ешқашан көрмеуімізді тілейді. Расында да, осы аталарымыз бен әжелеріміздің дамылсыз еңбектерінің, маңдай терінің арқасында бүгін біз тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектеріне мың тағзым», —дейді Раушан Нәбиқызы.

Әр таңы «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілекпен ататын Нәби Ермекбайұлы – бір әулеттің жол бастар ақылшысы, тірегі. Атамызға Алла тілеуіңізді берсін демекпіз. Бейбіт еліміздің ұландары көк байрағымызды биікке көтере берсін.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.