Мүгедектігі бар адамдарды жан-жақты әлеуметтік қолдаудың басты мақсаты – олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына, өз әлеуетін іске асыруына жағдай жасау. Осы бағытта елімізде әртүрлі игі бастамалар қолға алынып келеді.
«Жанашырлыққа жан риза» дейді дана халқымыз. Адам өміріндегі ең ізгі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық таныту. Қайырымдылық пен мейірім көрсету арқылы адамзат бір-біріне жақсылық жасап, қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтады. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қолдау білдіру – олардың өмірге деген құлшынысын арттырып, өз қабілеттерін танытуына зор мүмкіндік береді.
Осы атаулы күнге орай Қордай ауданында «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз!» атты ерекше жандар арасындағы аудандық байқау ұйымдастырылды. Шараға әлеуметтік саладағы қызмет алушылар мен қоғамдық бірлестік мүшелері қатысты.
Байқау төрт кезеңнен тұрды: таныстыру, музыкалық нөмір, қолөнер туындысы, және сахналық қойылым. Әр қатысушы өз дарыны мен қабілетін көпшілікке паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Байқауға «Қордай оңалту орталығының» өкілі Еділбай Ескербай, «Амина» оңалту орталығынан Наима Харсанова, «Мол нәсіп» қоғамдық бірлестігінен Анеля Федюшина, сондай-ақ «Сезім» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлсүм Бева және басқа қатысушылар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау нәтижесінде Қордай оңалту орталығының қызмет алушысы Еділбай Ескербай жүлделі екінші орынға ие болды. Бірі әсерлі таныстыруымен көзге түссе, енді бірі ән мен би өнерімен, келесісі сахналық қойылымымен көрермен көңілінен шықты. Қалған қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Сегіз қырлы, бір сырлы» секілді номинациялар бойынша марапатталды.
Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Н.Жаманкулова, орталық әдіскері