БАҚЫТТЫҢ БАСТЫ ӨЛШЕМІ

0

Ол табиғаты тамылжыған Сұлутөр бөктерінде дүниеге келді. Әкесі Сейфолда Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар аупарткомда қызмет атқарған. Анасы Бакиза мектепте мұғалім болатын. Алпысыншы жылдары әкесінің қатты ауырып, мүгедектік алуына байланысты олардың отбасына туған ауылына қоныс аударуға тура келді. Жасөспірім Бекеннің ауыл тірлігіне бой үйретіп, қабырғасы қайыса қара жұмыста шынығып өсуіне мұның әсері де болды. Үйдегі тірлік өз алдына, жазғы каникул сайын колхоздың пішеншілері қатарынан табылатын. Ала жаздай бел талдырған бейнетті еңбегіне 100-150 тай шөп алса, соның өзі бір үйлі жанның қолдағы малына бір қысқа жетіп артылар еді.

Ата-анасына қолғанат бола жүріп мектепті жақсы бітірді. Одан соң Алматы халық шаруашылығы институтындағы студенттік жылдар. Институт аудиторияларында мүйізі қарағайдай ғалым оқытушылардың дәрісімен экономика ілімінің қалың қатпарларына бойласа, студенттік-механикаландырылған отряд құрамында ұшы-қиырсыз Торғай даласында комбайнмен егін оруға, кейінгі үш жылдың жазында Социалистік Еңбек Ері Г.Головацкий басқаратын «Қазақстанның 40 жылдығы» колхозында құрылыстар салуға қатысып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырды. Болашақ экономисті сол кездері табысы өрлеп, даңқы одаққа жеткен көпсалалы миллионер шаруашылықтың жетістіктері қызықтыратын. Мұның сырына барынша үңіліп бақты. Бекеннің студент шақтан қысқа мерзімдік өндірістік тәжірибелерде көріп үйренгендері кейін шаруашылық өндірісін тиімді ұйымдастыруда кәдеге асқан еді.
Ол еңбек жолын туған жеріндегі «Красный Октябрь» колхозында еңбек және жалақы жөніндегі экономист болып бастады. Сол екі арада Украинаның Донецк қаласында әскери борышын өтеп үлгерді. Кейін Красногор кеңшар-техникумының бас экономисі қызметіне тағайындалады. Шаруашылықтың директоры, өзіне де, өзгеге де талабы жоғары принципшіл басшы Тұрғанбек Байзақовтың өндірістік мектебіне ол осылай тап болады. Тоқсан сайын әр бөлімше және тұтас шаруашылық бойынша байыпты экономикалық талдаулар жүргізу талап етілетін. Жас та болса бас экономист бұған бар ынта-жігерімен ден қойып, мейлінше аз шығынмен мол табысқа жетудің жаңаша бағдарламасын түзеді. Басшы да жас маманның бастамаларына қолдау білдіріп отырды. 1979 жылға дейін зияннан көз ашпаған кеңшар, келесі жылы-ақ алғаш рет қыруар таза пайда тауып, көп ұзамай миллионер шаруашылыққа айналады.
Әрине, бұған алғашқыда күдік келтіріп, жоғарыдан түрлі тексерулер ұйымдастырылғанымен, ақырында шаруашылықтың экономикалық жетістіктері мойындалады. Ол кезде Красногор ауданына қарайтын кеңшар-техникумның өндірісті ұйымдастырудағы оң тәжірибелері өзге шаруашылықтарға үлгі ретінде насихаттала бастайды. Ал бас экономисі Бекен Рамазанов аупарткомның бірінші хатшысы Әлмұқан Исақовтың назарына ілігіп, көп уақыт өтпей аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне жоғарылатылады.
Одан беріде көп өзгерістер болды. Красногор ауданы таратылып қайтадан Қордаймен бірікті. Ол түгілі, Кеңес үкіметінің өзі келмеске кетті. Тәуелсіздік туын көтерген жас мемлекетіміз үшін өткен ғасырдың соңғы жылдары зілмауыр қиындықтарымен өтіп жатты. Бюджет қызметкерлеріне бірнеше айлап жалақы төлей алмай, қарттарға зейнетақысы, көп балалы аналар мен мүгедектерге жәрдемақысы уақтылы берілмей елдің ұнжырғасы түскен кез. Осындай алмағайып кезеңде Б.Рамазанов қаржы-бақылау комитеті Қордай аудандық бөлімшесінің басшысы, 1997 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сол тұста еліміз алғаш рет «жинақтаушы зейнетақы жүйесіне» көше бастады. Бұған дейін баламасы болмаған жаңа істі тоқыратпай тез алып кетуге әр саладан адал, іскер мамандар іріктеліп жатты.
– Аласапыран кезеңдегі алғашқы тосқауылдар, қиыншылығы мен қызығы, жеңісі мен жемісі қатар келген бұл жүйенің тәй-тәй басқан сәбидің алғашқы қадамындай сүрініп барып қайта тұрып, біраз әбігерге салғаны белгілі, – дейді алғашқы күндерден осы салада еңбек етіп, кейіннен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Жамбыл облыстық филиалының директоры болған Нұржан Төртбаев. – Осындай кезде жаңа құрылымның Қордай аудандық бөлімшесіне Бекен Сейфолдаұлы Рамазанов басшылық қызметке тағайындалды. Қызметтік этика, еңбек тәртібін қатаң сақтайтын, жауапкершілігі жоғары, ең бастысы білікті де іскер маман бірден жұмысқа белсене кірісіп, ұжыммен біте қайнасып кетті. Өз басым осындай қасиеті мол нағыз азаматпен қызметтес болғаныма өте ризамын…
Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы құрылған ширек ғасырға тарта уақытта әлеуметтік төлемдердің қырықтан аса түрі бойынша жұмыс жүргізіліп келді. Ал Қордай ауданы бұл салаға Б.Рамазанов басшылық еткен жылдары барлық көрсеткіштері бойынша облыс аудандары арасында жоғары орында болды. Әлеуметтік төлем алушылардың жалпы саны қырық мың адамға жуық десек, оның ішінде жасына қарай зейнетақы алушылардың өзі он үш мыңға жеткен кезі еді. Бір жылғы төлемдер сомасы 10 миллиард теңгеден асатын болса, онын әр адамға ай сайын тиісінше, қатесіз және уақтылы төленуін қамтамасыз ету айтуға ғана оңай болды. Мұнда сайдың тасындай іріктелген мамандардан тұратын жұдырықтай жұмылған ұжымға он бес жылдай жетекшілік еткен Бекен Сейфолдаұлының үлесі айрықша. Ал жалпы институт бітіргелі қол үзбей келе жатқан мемлекеттік қызметтегі 47 жылда оның жемісті еңбегіне берілген мемлекеттік марапаттарынан «ҚР Конституциясының 10 жылдығы», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медальдары, 2014 жылы берілген «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісі, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың, «Аманат» («Нұр Отан») партиясы облыстық филиалының Құрмет грамоталары, осындай аудандық дәрежедегі мадақтамалар мен Алғыс хаттардың жөні бөлек. Бекең 2015 жылы зейнет жасына толғанына қарамастан, облыстағы басшылары өз ісін жетік білетін іскер, жауапкершілігі жоғары, адал жетекшінің қызметін тағы екі жылға ұзартқан болатын. 2017 жылдың соңында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қордай ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілерін омырауына тағып абыроймен қызметін өткізіп демалысқа шықты. Қай істе де Бекеңнің бірінші қолдаушысы зайыбы Нағима Еркінбайқызы болғанын айту парыз. Қарағанды кооперация институтын бітірген ол тұтынушылар кооперациясында, мемлекеттік органдарда қызмет етті, техникумда ұстаздық етті.
Оң-солын танып үлкен өмірге қадам басқан жарты ғасырда олардың жолында небір жақсылар мен жайсаңдар көптеп кездесті. Әлмұқан Исақов, Тұрғанбек Байзақовтармен қатар, әр жылдары қызметтес болған Марат Жанаев, Самат Төлесбаев, Біржан Әлімбет, Мырзағали Күзербаев, Байжан Әден, ағайынды Бақыт пен Болат Байтөле, Баян Қарамолдаева, Қуат Иманалиев сынды азаматтармен тонның ішкі бауындай араласып достасып кеткен-ді. Олар да мұның қызметке де, достыққа да адал асыл қасиетін жоғары бағалайды.
Төле СҮГІРБАЙ, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы: – Бекенді аудан әкімі Байжан Әденнің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары болып қызмет істеген жылдардан білемін. Ең алдымен оның жұмысқа деген жауапкершілігі ұнады. Ал іскерлік қабілеті, әсіресе, зейнетақы төлеу орталығына басшылыққа келгенде танылды. Бұған дейін сыннан көз ашпай келген мекемедегі жағдайды тез оңалтып, елдің ризашылығы мен алғысына бөленді. Білгір маман, іскер басшы болып қана қойған жоқ, оның бойында адами жоғары қасиеттер мол болды. Барынша қарапайым, сыпайы және жоғары мәдениеті қалыптасқан дер едім.
Біржан ӘЛІМБЕТ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:– Біз Бекен екеуміз түйдей құрдаспыз. Оны студент шағымыздан білемін. 1974 жылы құрылған Красногор ауданында қызметтес, жора-жолдас болып бала-шағамызбен араласып кеттік. Ол кезде мен аудандық ауруханада қатардағы дәрігерден бас дәрігерге дейін, ал Бекен жай экономистен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарына дейін көтерілді. Жұмыс бабында ол өте жауапкершіл азамат. Оның аузынан тастамайтын бір жақсы мәтелі бар: «Бізге нан берме, жұмыс бер» деген. Осы қағиданы бүкіл саналы өмірінде ұстанып келеді.
Самат ТӨЛЕСБАЙ, облыстық мамандандырылған соттың судясы:– Университетті жаңа бітіріп келіп Красногор аудандық атқару комитетіне нұсқаушы болып қызметке араласқан кезімде ауатком төрағасының орынбасары Бекен Рамазановтың қамқорлығын көп көрдім. Ол жас мамандардың барлығына пәтер алуға ықпал етті, тіпті, жұмыстан кеш қайтқанда өзінің қызметтік көлігімен бәрімізді үйімізге жеткізіп салатын. Кейіннен отбасымызбен араласып кеттік. Бекеңнің төрт қыздан кейін ұлы Арман дүниеге келгенде қалай қуандық десейші. Нағыз батыр мұрагер болсын деп қамшы, қанжар тәрізді сыйлықтар әзірлегеніміз есімде.
Баян ҚАРАМОЛДАЕВА, Қордай ауданының Құрметті азаматы: – Біз Бекен Сейфолдаұлы екеуміз қоғамның ең бір қиын кезеңдерінде мемлекет тарапынан халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің сан қырлы жүйесін жүзеге асыруда қатар еңбек еттік. Біз басқарып отырған мекемелерге келетін адамдар негізінен қариялар, жаны жаралы мүгедектер, көпбалалылар мен аз қамтылған отбасылар болғандықтан олардың үмітін ақтау қиынның қиыны болды. Осындай жауапты жұмысты, халық алдындағы қасиетті борышты өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адамдарға деген жүрегінің жылуы мол Бекен ойдағыдай атқара алды.
Қуат ИМАНАЛИЕВ, «КИИК» ЖШС бас директоры: – Қызметтегі іскерлігі өз алдына, Бекеңнің шаршамайтынына, жинақылығына, әрқашан спорттық бабында жүретініне тәнтімін. Он жасқа кіші болсам да, футбол алаңында оған жүгіріп жету оңай емес-ті. Бала-шағамызбен Бішкекке барып бассейінде жүзіп болған соң көбіміз әлі жиналып болмай жатқанда Бекең тап-тұйнақтай киініп алып күтіп отыратын. Оның бүкіл өмірі осындай ұқыптылықтан тұрады. Қызметте де жоғары санаттан көрінуі осы ерек қасиетінің арқасында.
Дегенмен, қызметті «қолдың кірі» деп есептейтін Бекең қай кезде де отбасын бірінші орынға қояды. «Соншама жыл басшылық қызметте болғанда өзгелер сияқты дүкен немесе жанармай құю стансасын ашпағаныма, тұрғын үй салатын жерім де жоқтығына баз біреулер таңдана қарайтын», -дейді ол күліп. «Ал біз мектеп жасынан достығымыз махаббатқа ұласқан зайыбым Нағима екеуміз бар тапқан-таянғанымызды балаларымыздың тәлім-тәрбиесі мен лайықты білім алуына жұмсадық. Олар мұны ақтады да. Үлкен қызым Динара мектепті күміс медальмен, одан кейінгі Дамира, Гүлзира, Жазиралар үздік аттестатпен бітірді. Өз күштерімен жоғары оқу орындарына түсіп, төртеуі де қызыл дипломмен бітірді. Ал, кенже ұлымыз Арман болса мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен Англияда Бирмингем университетін бітіріп келді. Бәрі де мемлекеттік грант есебінен жоғары білім алды. Енді сол алған білімдерін мемлекетіміздің мүддесіне жұмсап, тәуелсіз еліміздің кемел болашағы жолында еңбек етуде…»
Бекең зейнетке шыққан бойда «НұрОтан» («Аманат») партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласты. 2018 жылдан Алматыда тұрады. Өйткені, балаларының барлығы сонда. Қалада жер үйің болғанға не жетсін. Бақшалық жері бар, ертелі-кеш ермек етуге жетіп жатыр. Одан қалса немерелерін мектепке, үйірмелеріне апарады, әкеледі. Немеренің үлкені Әлинұр биыл шаңырақ көтеріпті. Ол тұңғыш қызы Динараның ұлы. Ал, астаналық болып кеткен Дамираның қызы Аяжан мектепті «Алтын белгімен» бітіріп жатыр екен. Ата-әжелері бастап, өз ата-аналары жалғастырған даңғыл жолымен келеді олар да. Сөйтіп, Рамазановтар әулетінде бес бірдей жоғары білімді экономист, сондай-ақ, заңгер, психолог, кәсіпкер, т.б. мамандық иелері бар. Бүгін үлкен қалаларда тұрып еңбек ететін қыздары мен күйеу балалары, ұлы мен келіні немерелерімен Бекеңді 70 жасқа толған туған күнімен құттықтайды. Ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттарына той дастарқанын да жаймақшы. Қызметте абыройлы, ал отбасында өнегелі болу — біздіңше, бақыттың басты өлшемдері осылар болса керек-ті.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.