Аудан орталығынан шалғай жатқан, таулы өлкеде орналасқан Керу ауылында өндірілетін азық-түліктің, ет-сүт, қымыздың дәмділігі мен сапасы қандай десеңізші. Мұнда одан бөлек дәмі тіл үйіретін табиғи таза бал өндіріледі. Көк құрағы келіскен көздің жауын алатын сан түрлі гүлдерден шырын жинаған араны күтіп, омарташылықты ата кәсіп еткен жандар Керуде жеткілікті.
Бір шай қасық бал жинау үшін бір ара ұядан шамамен 2000 рет ұшып шығады екен. Бұл шағын жәндіктің еңбекқорлығына таң қаласың. Алайда, соларды күтіп-ұстайтын, жағдайын жасап, керегімен қамтамасыз ететін омарташылардың иығына жүктелген міндеттер де аз емес. Таңертеңгі бестен басталып, күні бойы омартада қызу еңбек тоқтамайды.
Керу ауылының тұрғындары Орынбасар Қоқанбаев пен Қүлжамал Үстемірова 40 жылдан астам өмірін осы ара шаруашылығына арнаған ерлі-зайыптылар. Олардың бұл кәсібі жастық шақтан басталған екен. Бастапқыда тек бірнеше ара ұялары болды, бірақ жыл сайын олардың тәжірибесі артып, ара тұқымдасы да өсті. Ата кәсіп демекші, бұл істі 70-ші жылдары «Чапаев» колхозында Орынбасардың әкесі Сағади Қоқанбаев бастаған екен.
— Сонау сексенінші жылдары қайын атам бізге омарташылық ісін жалғастыруды ұсынғанда, еш ойланбай келістік, әрі оған өкінбеймін. Өйткені, аралар мен балдың арқасында біздің балаларымыз ештеңеден мұқтаждық көрмей өсті. Жоғары оқу орындарында алтауын оқыттық. Ең бастысы, біз өз араларымызды жақсы көреміз және отбасылық ісімізден шынайы ләззат аламыз, — дейді Құлжамал Тұрғынбайқызы.
Олар өмірдегі небір қиын кезеңдерде ата кәсіпті тастамай, өз ісіне деген сенімін жоғалтпады. Әрине, көп балалы отбасы болу оңай емес. Бала-шағаға қарайласуды да ұмытпау қажет. Бүгінгі таңда, заңгер мамандығы бойынша білім алған ұлы Қамбар ата-анасына үнемі қолғабыс етуде.
Құлжамал мен Орынбасарды тәжірибелі омарташылар деп үлкен сеніммен айтуға болады. Олардың ендігі арманы осы кәсіпті өз балаларына табыстау.
— Біз ешқашан араларды қантпен тамақтандырмаймыз, әрқашан қыста олар үшін бал қалдырып қоямыз. Биыл көктемде жауын-шашын көп жауып, көк-майса жақсы бой көтерді. Оның арқасында көптеген пайдалы шөптер өсті, сәйкесінше биылғы балдың ерекше пайдалы болғанына күмәнім жоқ. Көп шүкіршілік етіп, Алла тағалаға алғыс айтудан шаршамаймын. Себебі, дәл диқанның секілді омарташының күні қолайлы ауа райына тікелей тәуелді, — дейді омарташы.
Мадина УЗБЕКОВА