БАЛ БИЗНЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖАЙЛЫ

0

Ауылшаруашылығы дақылдарының кейбір түрлерінің өнімділігі мен пайдасы ара шаруашылығына да байланысты, деп сенеді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық  филиалының директоры Ержан Әден.

Жамбыл облысында омарта шаруашылығын дамыту курсы қолға алынған. Қордай өңірі бұл салада белгілі табыстарға қол жеткізуде. Оған қоса, «Атамекен» омарта шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың санын, олардың құзыретін арттыруға қосымша шаралар қабылдануда. Жергілікті омарташылардың тәжірибесіне, қолда бар материалдық-техникалық базаға сүйене отырып, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпке бағыт» аталатын пилоттық жобасы аясында «Омарта шаруашылығы» бағытында салалық оқыту өткізді. Бұл оқытулар үш күн бойы өтіп, «Мен – кәсіпкер» атты кәсіпкерлікті дамыту» құралы пайдаланылды. Аталған жоба үш бағыттан тұрады. Осы құрал аясындағы бірінші бағыт бойынша жергілікті кәсіпкерлерге «Омарта шаруашылығы» бағытында профильді оқытулар өтті. Бұл бағдарлама өңірдегі омарта шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады және омарташылардың кәсіби біліктілігі мен білімін арттырады. Облыстың түкпір-түкпірінен келген 24 тыңдаушыға арналған тренингті «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының Жамбыл облысындағы өкілі, білікті маман, осы саланы терең меңгерген омарташы Валерий Ромащенко жүргізді. Барлық оқу күндері даладағы жылжымалы омартада да, оқу кабинеттерінде де өткізілді.

Ержан Әден айтқандай, өңірде омарта шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. «Қордай балының дәмі мен емдік қасиеттері облыстан тысқары жерлерде де танымал. Сауатты ара шаруашылығы саясатымен бал облыстың қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті көлемде өндіріліп қана қоймай, экспортқа да шығарылуы мүмкін. Атамекеннің міндеті – кәсіпкерлерге бизнесін кеңейтуге және олардың құзыреттілігін арттыруға көмектесу. Ал мамандандырылған оқыту бұл мәселені шешуге септігін тигізері сөзсіз», — дейді Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы.

Оқыту бағдарламасы Жамбыл облысындағы бал ара өсірушілерді ара шаруашылығының теориялық және практикалық аспектілерін қамтитын кешенді кәсіптік оқытуды қамтамасыз ету үшін әзірленген.

Бағдарламаға қатысушылар осы салада табысты бизнес құру және ара өнімдерін сатудың тиімді стратегиялары жайлы білім алып, ара күтімі, соның ішінде азықтандыру, өсіру, ара денсаулығы және аурулардың алдын алу, бал, балауыз, басқа да бағалы ара өнімдері мен тозаң жинау және өңдеудің заманауи әдістерін зерттеді. Бұл олардың өнімдерінің сапасын арттыруға және нарықтық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тренингтің тәжірибелік бөлімінен басқа бағдарламада омарта шаруашылығындағы кәсіпкерлік және маркетинг, салық мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша модульдер қамтылды.

Бейіндік оқыту бағдарламасының соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. 24 тыңдаушының жартысы биылғы жылы өз ісін құруға алғашқы қадамдар жасауды көздеп отыр. Мәселен, Қаракемер ауылының тұрғыны Мира Тологонова арнайы оқу барысында алған біліміне сүйене отырып, омарта шаруашылығын құруды жоспарлап қойған. Сонымен қатар, кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында бүгінде «Тараз» АТК-не омарта шаруашылығын ашуға жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алу үшін құжаттарын тапсырды, ал Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасындағылар бизнес-жоспар құруға көмек көрсетті. Кәсіпкер Ерлан Райқұлов ағымдағы жылдың маусым айында омарта шаруашылығын құруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 1 млн. 380 мың теңге грант алды.

Сондай-ақ, кураторлар бүгінгі тыңдаушыларға үш ай бойы «Электроник-Форс» ЖК омарта шаруашылығы базасында практикалық көмек көрсетіп, кеңес береді.

— 2013 жылы мен ара шаруашылығымен айналысуға талпыныс жасадым. Ол кезде маған оңай болып көрінді. Бұл шаруаға қомақты қаражат жұмсадым. Кәсіпті дамыту үшін көрші елдің мамандарын шақырдым. Біраз уақыттан кейін мамандар кетіп қалды. Білімнің, тәжірибенің аздығынан кәсібім сәтсіз болды. Бірақ араларға деген қызығушылық сейілген жоқ. Оқыту курсы өткізіледі дегенді естідім де, бірден қатысуға бел будым, — дейді тыңдаушылардың бірі «Ашамай» ШҚ басшысы Әлкен Ашамаев.

Әңгімелесу барысында Әлкен Ашамаев белсенді тәжірибелік сабақтар өткізген сарапшы Валерий Ромащенко мен омарташы Жанат Көрпебаевтың білімі мен кәсібилігін атап өтті. Айтпақшы, соңғысының омартасында практикалық оқытулар өткізілді. Оның айтуынша, Валерий Ромащенко курс тыңдаушыларына ара шаруашылығы әлеміне деген құштарлығын жеткізе білген. Курстың ұйымдастырылуы ұнады. Тыңдаушыларға ұсынылған материалдар мазмұнды және жақсы жасақталған, ең бастысы, тыңдаушылар мен оқытушылардың бірге орындаған практикалық жаттығулары болды. Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері Диана Досаева мен Айжан Әбірбаева оқу барысында нақты әдістемелік көмек көрсетті.

– Оқыту барысында омарта шаруашылығының табысты сала саналатынына қарамастан, мұнда кәсіпкерлердің Кәсіпкерлер палатасына жүгінетін мәселелері көп екені туралы да айтылды. Мәселен, барлық өндірушілер ресми тіркелмегендіктен, өндірілген бал және оның өтуі туралы ақпарат жоқ, селекциялық жұмыстар дұрыс жүргізілмейді, ара шаруашылығының азық-түлік базасы жоқ, ара аурулары тексерілмейді. Негізгі сұрақтардың бірі омарта тұрақтарына қатысты. Валерий Ромащенко тыңдаушылардың назарын бүгінде омарташылардың бал өсімдіктерін іздеп әлектенетініне аударды: қай жерде бірдеңе гүлдесе, сол жерге жүгіреді. Оның үстіне, олар аймақтың бір шетінен екінші шетіне дейін жүреді және бұл бал құнына түсетін логистикалық шығындарға әкеп соғады. Шаруа қожалықтарымен ынтымақтаса отырып, парға қалған бос алқаптарға балауса шөптерді еккені дұрыс емес пе? Бір бал өсімдігі гүлдеп біткен шақта, екіншісі гүлдей бастайды. Сонымен қатар, шөптерді мал азығы ретінде пайдалануға болады. Егін ауысымы жақсарып, өнімділік артып, жем-шөп базасы ұлғаяды. Мұның барлығы шаруа үшін қосымша табыс, бүкіл агробизнестің табыстылығын айтарлықтай арттырады. Бұл мәселе барлық мүдделі тараптардың: омарташылардың, шаруа қожалықтары жетекшілерінің, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мен «Атамекен» аудандық филиалының назарын, ынтымақтастығын және күш-жігерін қажет етеді, — деп есептейді Ержан Әден.

Оқыту бағдарламасына қатысушылар кәсіби дағдылары мен білімдерін жетілдірді, сонымен қатар омарта шаруашылығы бойынша нақты тәжірибе жинақтады. Нәтижесінде, олар осы салада табысты кәсіпорындар құру арқылы ара шаруашылығын тиімді басқаруға, жоғары сапалы бал өнімдерін өндіруге және бизнесін дамытуға дайын болады.

Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.