Елімізде жақын арада 14 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл тыйым шынымен тиімді бола ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрелік.
Әлеуметтік желі дегенде әңгіменің төркіні мектеп жасындағы балалардың ондағы әрекеттеріне тіреледі. Жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі әдепсіз қылықтары талай дауға ұласып жатқанын күнделікті ақпарат кеңістігінен көріп жүрміз. Бұдан бөлек, түрлі контенттің тұрақты тұтынушысына айналған кейбір балалардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті көп жағдайда жаға ұстатарлық жағдайға жетіп отырғаны да жасырын емес.
Әсіресе, барлығымыз күнделікті қолданатын WhatsApp мессенджеріне тоқталсақ. Иә, WhatsApp тұрмыста да, жұмыста да таптырмас көмекші. Алайда, осы мессенджердегі топтар (группалар) – өз алдына бір мәселе. Қазір әр мектепте, әр сыныпта оқушылардың жеке топтары бар. Тіпті, кейбір қосымша білім беру мекемелерінде де оқушылардың өзара топтары ашылған.
Осылардың ішіндегі ең қауіптісі – балалардың өздері ашып, үлкендердің қатысуынсыз жүргізілетіні. Бұл топтарда не жазылмайды, не айтылмайды десеңізші. Нағыз буллингтің өршитін жері де – осы. Ол жердегі балағат сөздерді Қордайдың орталығында тиын сұрап, ащы су іздеп, бермесең сілеп салатын адамдардың өзі естісе, жағасын ұстайтыны анық. Әр түрлі әдепсіз стикерлер, видеолар мен фотолар сол топтарда емін-еркін таралып жатады.
Бұл жерде бір нәрсені нақты айта кеткен жөн: мұндай әрекеттерді тек ұл балалар жасайды деген түсінік қате. «Қылығы қырық үйден тыйылатын» қыз балалардың да не жазып, не бөлісіп жүргенін айтуға ауыз бармайды.
Сол себепті мұғалімдер, ата-аналар, сондай-ақ жасөспірімдер ісімен айналысатын жауапты мамандар осындай топтарға ерекше мән беруі қажет. Өйткені балаңды танығың келсе, оның WhatsApp немесе Telegram-дағы топтарын ашып, оқып көр. Мүмкін, сенің балаң өзі ештеңе жазбайтын, ештеңе жібермейтін шығар. Бірақ оған басқа балалар тарапынан қандай дүниелер келіп жатқанын көруге мүмкіндік бар.
Қайтадан әлеуметтік желі мәселесіне оралсақ. Жақында қыз балалар арасында болған бір жағдайды айта кетуге болады. Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ. Бір-бірімен араз қыздардың бірі екіншісінің суретін TikTok желісіне салып, оны белгілі бір сомада «сатылатыны» туралы жазба қалдырған. Бұл әрекет дер кезінде анықталып, тиісті шара қолданылғанын естідік. Алайда, мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кім кепіл? Мүмкін, жалғасып та жатқан шығар.
Ал енді әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу мәселесіне келсек. Қанша тыйым салынғанымен, біздің жасөспірімдер жасы жеткен көршісінің, туысының немесе танысының атынан аккаунт ашып алуы әбден мүмкін. Өйткені елімізде бір адамның бірнеше аккаунт тіркей алатыны белгілі.
Қорытындылай келе, балаңды білгің келсе, оның әлеуметтік желідегі парақшасына, WhatsApp пен Telegram-дағы топтарына назар аудар. Сол жерде көп нәрсенің беті ашылады.
Жандос ОМАРОВ