БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан балалардың құқықтарын қорғау, олардың дені сау, қауіпсіз әрі толыққанды ортада өмір сүруін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі болып отыр. Әсіресе, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік осал топтағы немесе ерекше назарды қажет ететін балаларға қатысты жүргізілетін алдын алу шаралары қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда, Қордай ауданында балалардың құқықтық қорғалу деңгейін бақылауға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Атап айтқанда, 10–11 маусым күндері Отар және Қасық ауылдық округтерінде кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталған алдын алу шаралары өтті. Шараның мақсаты – қамқорлықтағы және қиын өмірлік жағдайдағы балалардың тәрбиелену, оқытылу, күтім, денсаулық және құқықтарының сақталу жағдайларын жан-жақты зерделеу.

Шараға аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы, ювеналды полиция инспекторлары, сондай-ақ білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық саласына жауапты өкілдері қатысты.

Жұмыс тобы ауылдық округтердегі бірқатар отбасыларды аралап, балалардың өмір сүру жағдайымен, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалымен, оқу үлгерімімен және мектепке қатысу деңгейімен танысты. Сонымен қатар балалардың медициналық қызметпен қамтылуы мен құқықтарының сақталуына ерекше назар аударды.

Зерделеу барысында кейбір отбасыларда тұрмыстық қиындықтар, білім беру мен тәрбиелеу процесіндегі олқылықтар, сондай-ақ құқықтық қорғанысқа мұқтаждық секілді бірқатар мәселелер анықталды. Осыған байланысты жұмыс тобы нақты ұсынымдар әзірлеп, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.

Мұндай шаралар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы алдын алу жұмыстарының пәрменділігін арттыруға, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы отбасылармен тығыз жұмыс жүргізуге бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.