БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ КЕЛЕШЕГІ

0

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Осыған орай Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауқымды кеңес өткізілді.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасары С.Сәлемов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Жанаев, аудан әкімі Б.Болатбеков, оның орынбасарлары, аудан прокуроры Б.Ізбасаров, сондай-ақ тиісті сала жетекшілері мен бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мен аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Әлметов арнайы баяндама жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың ағымдағы жағдайына, себеп-салдарына және алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Олар сонымен қатар ата-аналардың жауапкершілігі, мектеппен және ішкі істер органдарымен бірлесе жұмыс жүргізудің маңыздылығы туралы атап өтті.

Өз сөзінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда кешенді және жүйелі тәсілдің қажеттігін атап өтті. Ол ата-аналар тарапынан тәрбие мен бақылауды күшейту, мектептер мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту, сондай-ақ жасөспірімдер үшін пайдалы және қауіпсіз бос уақытты ұйымдастыру шараларын қолға алуды ұсынды.

Сонымен қатар, ол балаларды зиянды әдеттерден, әлеуметтік желідегі теріс ықпалдан қорғау, суицидтің алдын алу, мектеп инспекторларының жұмысын тиімді ұйымдастыру сынды нақты бағыттар бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Профилактикалық жұмыстарды үнемі бақылауда ұстау, білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының өзара үйлесімді іс-қимылы қажеттігіне ерекше назар аударды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.