Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, АОА гинекология бөлімшесі меңгерушісі Шынар Усербаева, АОА психолог маманы Маржан Әбілдинова, комиссияның хатшысы Алина Почуева, полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары мен әртүрлі мекеме өкілдері қатысты.
«Бүгін біз кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл тақырып – тек қоғамымыздың емес, еліміздің болашағы үшін де өте өзекті. Кәмелетке толмағандар – біздің назарымызды қажет ететін ең әлсіз топ болып табылады, сондықтан олардың құқықтарын қорғау біздің міндетіміз. Бүгінгі отырыста біз кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтар мәселелеріне тоқталамыз. Бұл проблемалар, өкінішке орай, біздің ауданымызда да кездесіп жатыр. Олардың алдын алу үшін біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Білім беру, әлеуметтік қызметтер және құқық қорғау органдары арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға консультация мен психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын күшейту қажет», — деді комиссия төрайымы Дамира Маратқызы.
Комиссияның жұмысына қатысушылар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың деңгейі туралы алаңдаушылықтарын білдірді. Жиында кәмелетке толмағандардың басты проблемалары, атап айтқанда, оқу орындарындағы буллинг, өз-өзіне қол жұмсау, әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлер және отбасылық жағдайлардан туындайтын кедергілер туралы сөйлесті.
Сондай-ақ, қатысушылар кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын талқылады. Комиссия мүшелері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, психологиялық көмек және отбасылық тәрбиені жақсартуға бағытталған ұсыныстар енгізді. Полиция өкілдері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды анықтау мен тергеу барысында қолданыстағы шаралар мен тәжірибелер туралы айтты.
Отырыс барысында, отбасындағы жауапкершілікті арттыру, білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, педагогикалық құрамды кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігі туралы ақпараттандырудың маңыздылығы туралы да пікірлер айтылды.
Қатысушылар кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды күшейту, арнайы әлеуметтік қызметтерді дамыту және құқық қорғау органдарының кәмелетке толмағандармен жұмыс әдістерін жаңарту мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ