БАЛА – ӨМІРДІҢ ГҮЛІ

0

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек»
Қасым-Жомарт Тоқаев

1925 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі туралы әлемдік конференцияда негізі қаланған Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын сәбилерге шынайы шаттық сыйлап келеді. Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауы – өскелең ұрпаққа деген қамқорлығының белгісі.
Сәрсенбі күні Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық Мәдениет үйінде сурет көрмесі ұйымдастырылып, онда қордайлық суретші Бақыт Ізбасаровтың туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды. Іс-шараны тамашалауға баласын ерткен аналар да, кішкентай бүлдіршіндер де көп келіп, мерекенің шырайын аша түсті. Картиналар галереясында түрлі ұлт өкілдері балаларының портреттері бейнеленген. Бұл арқылы суретші ынтымағы жарасқан көпұлтты Қордай өлкесінің ауызбіршілігін жеткізгісі келгенін айтады. Қолдарына түрлі-түсті шар ұстаған балақайлар акварель техникасымен салынған керемет суреттерді асқан қызығушылықпен қарап шықты. Картиналардың әсемдігінен ерекше әсер алған балдырғандар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Балалардың жүзін ешқашан мұң шалмасын, тек бір мерекеде емес, өмір бойы бақытқа бөленіп, нұрлы жүздерінен күлкі кетпесін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.