Бар байлығымыз, бақытымыз – бала. Өмірдің гүлі де солар. Ұрпақ өсір, мәпеле, аяла. Өйткені бақытымыздың баяндылығы да балалармен өлшенбек. «Бала – өмірдің гүлі, біздің болашағымыз» деген ұстанымды алға қойған біздің №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп – гимназиясының жанашыр жандары көптеген игілікті істер атқаруда.
Жақында мектебімізде «Бақытты балалық шақ» атты сазды бағдарламаны инклюзивті білім алушылар мен денсаулығына байланысты үйден оқытылатын оқушыларға тарту етті. Бағдарлама аясында ерекше оқушылардың шығармашылық өнерлері бағаланып, мадақтамалар мен бағалы сыйлықтар таратылды.
Аялы алақанында әлпештеп, жүрек жылуымен әр балаға сенім мен адалдықтың нұрын ұялата білген ата – аналарға мектеп – гимназия директоры жылы лебізін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады. Сонымен қатар ата – аналар да осы іс-шараның өткізілуіне ұйытқы болған мектеп ұжымына ризашылығын білдірді.
Іс – шара соңында оқушыларға арналған анимациялық шоу ойындары мен дастархан ұсынылды. Әр баланың қуанышқа кенелген жүздері біз үшін маңызды. Аталған іс-шара жыл сайын өз жалғасын табады деген сенімдеміз!
Назгүл СЕЙЛХАНОВА,
№1 Д.Қонаев атындағы мектеп – гимназиясының әлеуметтік педагогі