БАЛА БОЛМЫСЫ ҚҰРСАҚТАН, ТӘЛІМІ БЕСІКТЕН

0

Соңғы жылдары мемлекетімізде жасөспірімдерге тура тәрбие беру мәселесіне аса ден қойылып келеді. Дейтұрғанымен, мамандар мен жұртшылықты балалардың түнде үй көрмей, көше кезіп, жаман әдетке бой алдыруы қатты алаңдатады. Мұның себебін біреу отбасындағы тәрбиенің осалдығынан көрсе, енді бірі жүрген ортасына кінә тағады.

Расында, кәмелеттік жасқа толмаған балақайлардың болашағы кімді де болса алаңдататыны анық. Алайда, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз көше кезіп, қоғамдық орындарда бейберекет жүруі, теріс әрекетке бой алдыруы тыйылмай тұр. Осындай көңілге қаяу түсірер жайттардың алдын алып, балалардың құқығын қорғау мақсатында аудан әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері 6-7 қараша күндері рейд шараларын ұйымдастырды. Айта кетсек, топ құрамына комиссия хатшысы А.Почуева, аудандық ЖПҚ ювеналдық полиция тобының инспекторлары, «Қордай» ГЭК, «Береке» ГТК және Бетқайнар колледжінің және аудандық білім бөлімінің өкілдері енгізілген. Екі күн бойы жүргізілген іс-шара барысында тәртіп сақшылары тарапынан 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтсақ, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 442-бабы бойынша 11 хаттама толтырылып, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 11 жасөспірімге ескерту жасала келе, ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері алкоголь өнімдерін өткізу жөніндегі талаптардың бұзылғанын анықтап, ҚР ӘҚБтК 200-бабы бойынша 2 хаттама толтырылса, ӘҚБтК 127-бабы (ата-аналық міндетін тиісті деңгейде орындамау) бойынша 1 әкімшілік хаттама толтырылды. Осы орайда комиссия мүшелері мен тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмай, түнгі мезгілде жалғыз жібермеулерін сұрайды. «Бұл ең бірінші кезекте баланың амандығы үшін қолға алынған шара», — дейді рейд мүшелері.

Осы күндері аудан орталығында өткен рейдтік шаралар барысында «бала болмысы құрсақтан, тәлімі бесіктен» деген сөздің қалт айтылмағандығына көзіміз жеткендей болды.

Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.