Елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Бұл норма Сенат қабылдаған заңда қамтылған. Аталған құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң аясында 1 кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.
СенаттыңӘлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда, құжатты «жастарды дамыту индексі», «жастардың әлеуметтік қызметтері», «уақытша орналастырылмаған жастар», «жастармен жұмыс жөніндегі маман», «жастардың еңбек жасақтары» ұғымдары заңнамалық бекіту қарастырылған.
Сонымен қатар бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру тұрғысында тұжырымдамалық түзетулер қамтылған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдан бастап бала күтіміне қатысты төлем мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды тапсырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Құжат аясында «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді.
Мұнымен қоса, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деп бекітілді.
Руслан ҒАББАСОВ