БАЛА МЕН БАТА

0

Жуырда ағайындар арасындагы байланыс үшін ашылған әлеуметтік желідегі топта қолға су құйып жатқан немере ініміздің бейне видеосын көріп калдым. Жып жылы көрініс. Тіпті, тосын көрініс деп те айтуға болатындай. Оған себеп, қазір көбіміздің жадымызда көнеріп барады бұл дүние.

Әсілі, бала алғаш рет «қолға су құюға» талап қылып тұр-ау, қимылы сенімсіздеу. Айнала оған үйреткен, «үйт-бүйт» деген ересектердің нұскаулары естіліп қалады. Тіпті, үлкендер де ол рәсімді ұмыта бастаған секілді, бір қариямыз абдырап, қолға су құюға дайындала бастаған жеткіншекке өзі жақындамақ ниетте.

Ал біз бала кезден санамызға құйып өскен, өзіміз ықыласпен атқарған «қолға су құю» рәсімі қалай еді?

Әлде бір кәделі жиынға (ол мүмкін, ас болсын, әлде, «құдайы тамақ», жай ғана үлкендер жинала қалғанда) келіп, үлкен ас берілетін сәтте әдетте ақсақалдар қолжуғышка карай өре түрегеле жүрмейді. Алқалай отырған жұртты жағалай иығында әппақ қардай сүлгісі, колында кұман мен жез легені бар жеткіншек қолдарына су құйып, қол шайып алуына жағдай жасайды. Үлкендеріміз алдына құманды бала жақындағанда, егер кісесінде бәкісі болса, қолымен қоса оны да жуып, дастархан жиегіне қоятын. Сосын бала иығындағы сүлгімен қолын сүртіп тұрып, жеткіншікке батасын жаудыратын. Әрине әркімнің, әр қарияның батасы әрқилы болып келеті. Тіпті, тұнған фольклор дерсің. Ұйқаспен тізбелеп, ағытқанда сол ақ ниеттер бойыңа келіп, лек-легімен құйылып жатқандай арқаң шымырлайтын еді.

«Қолға су құю» жауапты жұмыс. Бала әр қонаққа еппен жақындап, суды сар еткізіп ағытып жібермей, үзіп-үзіп құюға тиісті. Жан-жағына шашып алмауды да назарда ұстауы керек. Үлкендердің ыңғайы мен ебіне қарай қимылдауды, қабақ аңдай білуге дағдыланады. Тар жерде қағылмай-соғылмай, орайын таба қимылдау да кішігірім өнер.

«Қолға су құю» ерте заманнан, қазақ-қазақ болып ұйысқаннан бері келе жаткан рәсім екені белгілі. Біздің бала кезімізде қанатын кең жайып тұрды да, соңғы сәттер тіпті, сирек қолданылады. Осы тұста кейбір оқырмандарымыз «әрине, қазір қол жуғыш кран тіпті, үйдің ішіне дейін кіріп кеткен жоқ па, енді «қолға су құюдың» не мәні бар» деп, қарсылық білдіруі мүмкін. Мәселе технологияның, тұрмыс жағдайының дамығанында емес, түп мәселе, бұл рәсімнің маңыздылығы өте тереңде.

Кезінде қолға су құюға балалар таласатын. Себебі бата. Қолға су құйып, қалың батаға шомылып шыққан баланың көзі жанып, беті бал-бұл жайнап тұратын. Батаның қасиетінде шек жоқ. Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан «Образцы киргизкой словестности, молитвенных благожеланий бата сөз» атты мақаласында «Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» деп жазған екен. Осыдан түйеріміз көп. Бата поэтикалық мәнге де ие, сонымен бірге тура жолға бағыттар, жігерлендірер мотивация.

Қазіргі уакытта зерттеуші ғалымдар әр адамның бойында бір белгілі деңгейде зарядтық толқын болатынын айтып отыр. Оны физика тілінде магнит және электр өрісі деп атайды екен. Адам бойындағы ол толқын жүрген жерінде бөлініп, тарап отырады-мыс. Ол өріс жақсыны да, жаманды да қабылдау қасиетіне ие. Егер жаман сөз естіп, жамандыққа жақын жүрсеңіз, ол өріс өзіңізбен қоса басқаға да кері әсерін береді. Егер жақсылыққа бейім болып, жақсы сөз естіп өссеңіз, жаныңыз жақсылық пен берекеге икемді болады. Үлкендерден естіп өскен жақсы сөз, игі тілек — бата, яғни, өмір бойы сізге шарапатын тигізіп жүретіні ақиқат. Ал ерте жастан баланың жақсы сөзге шомылуына бірден-бір жол осы «қолға су құю».

Байқап отырсақ, қазір ас қайырғанда болмаса, басқа жайттарға байланысты қол жайып, бата тиегін ағытып қоя берген қарияны сирек кездестіреміз. Бата беру үрдісінің өзі ұмытыла бастағандай. Оның өзі сан түрге бөлінбей ме: «балаға берер бата», «келінге бата», «сарбазға берер бата», «жас жұбайларға бата» т.б. Біз сол батаның алуандылығын ажыратудан қалғандаймыз. Біркелкі, жаттанды батаны ақтара салуға дайын тұрамыз. Негізі, батаны жаннан шығарып айту анағұрлым әсерлі болмақ.

«Халық айтса, қалып айтпаған» ғой қашанда. «Жауынмен жер көгереді, батамен жер көгереді», дейді дана халқымыз. Бата адам жанын демеуші. Бата желеп-жебеуші игі тілек. Бата адал жолға икемдеуші, үміттендіруші дүние. Жас өскін, балдырған-жеткіншектеріміздің ғұмыр жолы жақсылыққа толы болсын десек, «жақсы сөз айтып, жарым ырысқа кенелтіп» жүрейік.

Сәтбек САЛАМАТОВ, Медицина саласының ардагері, Қордай ауданының «Құрметті азаматы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.