Бала тәрбиесі қай заманда болмасын, өзекті мәселе. Жалпы қазақ қоғамында бала тәрбиесіне туыла салғаннан бастап-ақ үлкен мән беріледі. Біз де сол отбасылардың біріміз. Ұлы ғұлама ғалым Әл-Фараби атамыз айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі санамда бұрыннан сақталып қалған. Сондықтан, жанұямызда балаларымның, немерелерімнің тәрбиесін әрқашан қадағалап отырамын.
Қазіргі таңда Бахытжан Айдай Алиқызы немерем 4 жаста. Ол Қордай ауданы, Гвардейский қалашығында, МКҚК «Ақ бота» балалар балабақшасы, «Бәйшешек» тобында тәрбиеленуші. Немерем балабақшаға күн сайын қуана-қуана барады. Себебі, тәрбиешілері сондай білікті мамандар. Әр балаға мейірімдерін төгіп, сабақты бар ынтасымен түсіндіріп жатады. Қызымыз күнде бір жақсы нәрселерді үйреніп келеді. Бұл үшін топтағы екі тәрбиешіге – Базарбаева Жұлдыз Қуанышбайқызына, Найманбаева Жанар Асилханқызына алғысымыз шексіз. Нағыз өз істерінің маманы деп білемін. Балалар әр іс-шара, мереке сайын тақпақтар жаттап, би де билеп, ән де айтады. Бүлдіршіндердің сондай кішкентай екеніне қарамастан, оларды жан-жақты дамыту үстінде. Немеремнің көзі ашық, білімді де тәрбиелі ұрпақ болып өсіп келе жатқаны сондай қуантады. Екі апайының мейірімі тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да көрініп тұрады. Өйткені, біз таңертең барған бойда жылы жүзбен қарсы алып, таңғы көңіл-күй сыйлап, кешкісін де күлімдеп шығарып салып тұрады.
Осыған орай, ата-ана мен балабақша арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мақсатында аптаның әр сәрсенбі күні «Әжелер даналығы», «Ана мейірімі», «Әке қамқорлығы» атты тренингтер, ашық сабақтар өтіп тұрады. Бұл отбасы арасындағы құндылықтарды бағалауға көп септігін тигізеді. Біз де қалмай, ат салысып, қатысып тұрамыз.
Өз мамандығын сүйіп істейтін адам ғана жетістікке жете алады. Ұстаз үшін ата-ананың мақтауы, алғысы – бұл да бір жетістік деп білемін. Бұл – ұстаздың етіп жатқан еңбегінің нәтижесі. Айдайдың екі апайы да жұмыстарын өте тыңғылықты атқаратын, жауапкершіліктері бар нағыз мамандар. Балаларымыз күндерінің көп бөлігін балабақшада өткізетіндіктен, тұлға болып қалыптасуда балабақшаның ықпалы зор. Сондықтан, «Ақ бота» балабақшасында білікті де білімді педагогтар жұмыс жасайтыны өте қуантады. Мектепке дейінгі білімнің негізін қалауда аянбай еңбек етіп жүрген бұл ұжымға және Жұлдыз Қуанышбайқызына, Жанар Асилханқызына алдағы уақытта толағай табыстар, шығармашылық жақсы жаңалықтар, жасап жатқан еңбектеріне жеміс тілейміз! Алғыр да білімді, тәрбиелі де ұшқыр ойлы шәкірттері көп болсын!
Меруерт ТУЛЕНДИБАЕВА, ата-ана