БАЛАЛАРҒА БАҚЫЛАУ БӘСЕҢДЕМЕУІ ҚАЖЕТ

0

Өткен жұма күні аудан әкімдігінде әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа және балалар мен жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтарға қатысты жиын өтті. Іс-шара аудан прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған еді. Оған аудан әкімі Мәден Мұсаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары қатысты.

Бірінші болып өз баяндамасымен аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев мінберге шықты.
«Біз жүргізген талдау нәтижесі көрсеткендей бұл саладағы уәкілетті органдардың атқарып жатқан жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеуде, себебі аудан бойынша жалпы қылмыстылықтың жағдайы жақсарғанымен, жекелеген санаттары өсуде. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 33%-ға өскен, яғни 2-ден 6-ға дейін. Уәкілетті органдармен әлеуметтік жағдайы төмен тұлғалармен жүргізіліп жатқан шаралары сын көтермеуде. Бұл санаттағы азаматтарды анықтап, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілмеуде. Оған дәлел әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тұратын 2 кәмелетке толмаған баланың суицид жасауы. Соның салдарынан осындай қайғылы оқиға орын алған», — деді баяндамашы.
Келесі мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс та баяндамашы тарапынан кеңінен айтылды. Талдау мерзімінде жасөспірімдермен жасалған қылмыс саны өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 2-ден 6-ға өскен екен.
2021 жылы ауданда кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған жаппай төбелестер саны өскен.
Ең сорақысы, жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынас құқыққа қайшы көрініс алып, деструктивті бағытта дамып келе жатқаны байқалады.
Алайда, ахуалды біле тұра жергілікті атқарушы органдар кешенді және тұрақты іс-шаралар жүргізбеуде. Барлық фактілер бойынша мектеп директорлары мен оның орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартумен шектелуде.
Салдарынан кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орында суық қару қолданумен жасалған қылмыс орын алған.
Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша да біраз мәлімет белгілі болды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес жыл басынан бері Қордай АПБ-нің ақпаратты есепке алу кітабына (бұдан әрі –АЕК) отбасылық жанжал туралы 318 хабарлама түскен.
Қордай ауданы аумағында отбасы-тұрмыс-тық қатынаста жасалатын қылмыстарды алдын алу бойынша ҚР ӘҚБтК 73-бабының талаптарымен мен 57 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 8 айында 162 қорғау нұсқамасы шығарылып, мінез-құлқына ерекше талап орнату бойынша барлығы 32 қаулы шығарылған. Қоғамға үлкен қауіп төндіріп отырған мәселенің тағы бірі – алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстар. Сонымен қатар отбасы-тұрмыс саласында құқық бұзушылықтың алдын алуда ішкілікке бейім тұлғалармен жұмыс жүргізудің мәні жоғары. Қазіргі таңда ішімдікке құмар санатында профилактикалық есепте 89 тұлға тұр.
Статистикалық мәліметке сәйкес ағымдағы жылдың 8 айында 271 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның ішінде 13 қылмыс алкогольдік масаң күйде жасалған.
Сол сияқты осы мерзімде тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық санатында жасалған 73 әкімшілік құқық бұзушылықтардың 43 немесе 61%-ы алкогольдік масаң күйде жасалған.
Сондай-ақ аудандық орталық ауруханада алкоголизм дертіне шалдыққан азаматтар ретінде 89 тұлға есепте тұр, оның 12-і жастар.
Осындай ахуал қалыптасқанын біле тұра, полиция қызметкерлері мардымды жұмыс атқармаған.
Яғни, жергілікті полиция қызметкерлерімен бұрын қылмыс жасаған тұлғалар тізімдік есепке алынбай, олармен қандай да бір профилактикалық жұмыстар жүргізілмей, түнгі уақытта алкогольдік ішімдіктердің сатылуы бақылаусыз қалдырылған және коғамдық орындар мүлдем тәртіп сақшыларының торуынсыз қалдырылған.
Бұл орайда, алкогольдік мас күйінде қылмыс жасаған тұлғалармен профилактика жұмыстарын денсаулық сақтау саласындағы ұйымдар да атқаруға міндеттелген.
Өз кезегінде аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров тіркелген нақты фактілер бойынша талдау жасап шықты. Мәселен, білім бөлімінің жұмысы қатаң сынға алынды. Сонымен бірге, ауыл әкімдері мен полиция қызметкерлері де сын тезіне алынды.
«Балаларға қатысты жұмыс барлығымызға ортақ. Болашақ ұрпақ үшін барлығымыз жауаптымыз. Сондықтан, барша жиналған жұртқа жеткізгім келгені бала өлімімен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу қарқынды жүргізілу қажет» — деді аудан прокуроры.
Осы орайда аудан басшысы Мәден Мұсаев та шет қалмай, ауыл әкімдерін белсенді жұмыс істеу қажеттігін ескертті. «Ауыл әкімі әрбір отбасының жағдайын білуі қажет. Адамдармен кездесіп, үйлеріне барып, қал-жағдайынан хабардар болуы тиіс. Сол арқылы, алдын-ала әрекет жасап, қайғылы оқиғаларды болдырмауға болады», — деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.