2025 жылғы жаңа оқу жылының қарсаңында, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Қордай ауданында «Балаларды мектепке даярлайық!» атты республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету.
Акция барысында ауданның жетекші қоғамдық ұйымдары мен жергілікті билік өкілдері балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасын табыстады. Шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов пен «Аманат» партиясы аудандық филиаты төрағасы Бейқұт Жамангозов, партия мүшелері қатысты. Олар балаларға жаңа оқу жылының табысты әрі сәтті басталуын тілеп, болашаққа сенім артып, білімге деген құштарлықтарын арттыруларына сенім білдірді.
Шараға қатысқан ата-аналар мен балалар өз алғыстарын білдіріп, аталмыш бастаманың жас ұрпақтың білім алуына және әлеуметтік жағдайының жақсаруына қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру және балалардың мектепке баруы үшін қажетті барлық жағдайды жасау үшін партия тарапынан алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шараларының жалғаса беретіні мәлім болды.
Бұл акция балаларға тек қажетті заттарды сыйлап қана қоймай, олардың болашағына деген үміт пен сенімді нығайтуға, қоғамдағы әрбір баланың тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік жасауға бағытталған.