Соңғы кездері ақпарат құралдарында балаларға жасалған қылмыстар жайында көп оқып жүрміз. Мұндай оқиғалар болған кезде бүкіл халық шулап, көпшілік жәбір көрген балаларды қолдауға дайын тұрады. Алайда, өкінішке орай кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты қылмыстардың қайталануы әлі де кездеседі.
Осыған орай Қордай ауданы әкімдігі жанынан құрылған Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы осы бағытта жұмыс жасап келеді. Комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың жетекшілігімен отырыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Аталмыш комиссия жұмысы көрсеткендей, бұл санаттағылардың көбіне қылмысты жұмыспен қамтылмауына, кәмелеттік жасқа толмауынан жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болмауына, ата-анасының ауыр материалдық жағдайына байланысты оқуын жалғастыру мүмкіндігінің жоқтығына, сондай-ақ жұмыс істеуге және оқуға деген ниетінің болмауына байланысты жасайтынын көрсетті. Бұл ата-аналардың жасөспірімдерге көңіл бөлуінің жеткіліксіздігін, ал жекелеген жағдайларда ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеу мен асыраудан бас тартуын, балалардың мінез-құлқына ата-аналық бақылаудың жоқтығын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша полиция органдарының қанағаттанғысыз жұмысын көрсетеді.
Бұл күрделі мәселе облыстық деңгейде де көтеріледі. Мысалы, Жамбыл облыстық прокуратурасы және облыс әкімдігінің бірлескен алқа отырысында аудандардағы әкімдіктердің жанындағы комиссиялар және мүдделі органдар қызметіне қатысты зерделеу жүргізу туралы тапсырма берілген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Тараз қаласынан арнайы топ өкілдері келіп, Қордай ауданындағы осы бағыттағы жұмыстарды тексеріп қайтты.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы Дамира Сүгірбаймен бірге Тараз қаласынан келген зерделеу тобының мүшелері комиссияның жұмысының тиімділігін, қылмысты алдын алу бағытындағы жұмыстарды тексерді. Зерделеу барысында сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында сырқаттанушылықтың, суицидтің алдын алу, жастарға тегін кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру, мектептен тыс білім мекемелері мен спорт объектілерінің жұмысын зерделеу, ювеналды полиция жұмысын қарау сынды мәселелер қаралды.
Зерделеу қорытындысы бойынша Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстар және бірқатар кемшіліктер бойынша ескертулер де айтылды. Комиссияның қызметі жалпы қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, кәмелетке толмағандар арасындағы шиеленісті азайтуға және қоғамда болып жатқан процестерге белсенді ықпал етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруға үлкен ықпалын тигізетіні жайлы да сөз қозғалды.