Әлжан ана ауылындағы тарихи музей алаңында қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сансызбай Сарғасқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды әдеби-танымдық іс-шара өтті. Бұл мерейтойлық кешті музей қызметкерлері Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музеймен бірлесіп ұйымдастырды.
Шараны музей директоры Алмабек Жаманкөзов ашып, жазушының өмір жолы мен әдеби мұрасына кеңінен тоқталды. Сансызбай Сарғасқаевтың шығармаларындағы отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, адалдық пен адамгершілік сынды құндылықтар жас буынға бағыт-бағдар беретін рухани бағдар екені айтылды.
Кеш барысында ардақты ана Анаркүл Ыдырысқызы сөз алып, жасөспірімдерді кітап оқуға шақырып, өзінің шығармашылығынан үзінділер оқыды. Сонымен қатар, №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің оқушылары жетекшісі Айгерім Ұланқызының ұйымдастыруымен жазушының ең танымал туындысы «Тәмпіш қара» шығармасынан көрініс қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жас оқырман Мәтілбай Абай С.Сарғасқаевқа арнаған арнау өлеңін тебірене оқыса, өзге оқушылар да туған жер, отан, ерлік тақырыбындағы жырларын көпшілікке ұсынды. Бұл – оқушылардың рухани дүниесінің бай екенін, әдебиетке деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Мәдени шараның көркемдік бөлігі де әсерлі болды. Ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Бақыт Жаханұлы домбырамен «Әке» әнін орындап, шараның рухын асқақтатты. Ал музей қызметкері Болат Әбзелтайұлының «Жастарға өсиет» атты поэзиялық туындысы тыңдарманды терең ойға жетеледі.
Кеш соңында ауданымыздың «Қордай жастары» КВН командасы мен ауылдың белсенді жастары Қасық шекара бөлімшесінің сарбаздарымен бірге ән шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сансызбай Сарғасқаев – қазақ балалар әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі. Оның шығармалары жас ұрпақты адалдыққа, еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін асыл мұра. Жазушының 100 жылдық мерейтойына арналған бұл кеш – рухани құндылықтарды жаңғыртқан, жас буынға тәлім берген маңызды мәдени оқиға болды.