Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы Кенен ауылында 2015 жылы ашылған болатын. Ауыл белсендісі Бақытжан Арқабаевтың мұрындық болуымен бой көтерген орталық бүгінде талантты балалардың өнер бесігіне айналған.
Ең алғаш жылдары мұнда үйірме саны да аз болатын. Ал, қазір мүлде басқаша. Бүгінде бұл орталық Ноғайбай, Алға, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр және Кенен ауылын қамтып отыр. 26 мұғалім дәріс беретін орталықта 770 оқушы білім алады. Оқушыларға алты бағыт бойынша білім беріледі. Атап айтсақ, көркем-эстетикалық бойынша хореграфия, вокал, домбыра, дәстүрлі ән үйірмелері жұмыс жасайды. Ал, техникалық бағытта жас техник және IT сынып үйірмесі болса, туристік-өлкетану бағытында балалар жас турист, жартасқа өрмелеу және өлкетану бағытында білім алады. Сондай-ақ, спорт бойынша футбол, волейбол, қол күресі, дзюдо, қазақша күрес, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасаса, сәнді қолданбалы өнерінде бейнелеу, шебер қолдар үйірмелері жұмыс жасайды. Бүгінде Бақытжан Арқабаев басқаратын орталықтың ұстаздары мен шәкірттердің алған асулары да біршама. Атап айтсақ, бишілер тобы республикалық «Ақ шағала» конкурсында бас жүлдені жеңіп алса, «Аяла» би тобы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай өткен халықаралық байқаудың бас жүлдесіне ие болған. Домбыра үйірмесінің тәрбиеленушілері де талайды тамсандырып келеді. Болашағынан зор үміт күттіретін балдырған күйшілер бірнеше мәрте облыстық және республикалық байқауларда топ жарған. Ал, дәстүрлі ән бойынша да жеңіс жолын жалғаған оқушылар да бар. Атап айтсақ, Шапағат Балтабай, Дина Абдықадыр, Ақбота Ермахан «Інжу маржан» республикалық байқауында топ жарып, аудан намысын қорғаған болатын. Сондай-ақ, мұнда ІТ сыныбы кеңінен қолға алынған. Бұл сабақ бойынша балалардың қызығушылығы ерекше. Бүгінде олар өз алдына ғылыми жұмыстарын жасауда. Мәселен, осы бағыт бойынша білім алатын Ерғазы Желеу бүгінде озық оқушылардың бірі. Ол, жас ғылымдар арасында өтетін көптеген байқауларға қатысып келеді. Жуырда ғана онлайн түрде өткен республика бойынша өткен байқауда бас жүлде алған екен. Онда Ерғазы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ғылыми жұмысы көптің көңілінен шыққан. Ол бұдан бөлек өз бетінше техникамен жұмыс істеуді ұнатады екен. Ал, осы бағыт бойынша орталықтың тағы бір мақтанышы Естай Сапарғали болса автоматты түрде іске асырылатын антисептик құрылғысын жасаған екен. Оның бұл жұмысы да талайды тамсандырып, байқауларда көзге түскен. Қол өнер үйірмесінің жұмысын көпке көрсете білген Назгүл Борхан есімді оқушы «Ұлы дала рухы» байқауында бас жүлде алған. Орталықтың тағы бір мақтанышы Нұрмұхаммед Әділхан «Менің атам майдангер» атты республикалық шығарма жазу байқауында бас жүлде алған. Сондай-ақ, оның жазған шығармасы ұйымдастырушылар тарапынан жинақталған кітапқа енген.
Орталықтың жұмысына ауыл тұрғындары дән риза. Өйткені олар өз балаларын қалаған үйірмесіне тегін білім алуға бере алады. Болашағынан үміт күттіретін балаларды шыңдайтын шығармашылық орталықтың жұмысына сәттілік тілейміз.
М.Қарабаев