Сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында арнайы дәріс ұйымдастырылды.
Қордай аудандық прокуратурасының бастамасымен өткен іс-шараға жоғарғы сынып мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Іс-шарада Қордай ауданы прокуратурасының аға прокуроры Дарын Абжапаров және аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков сөз сөйлеп, жасөспірімдер арасындағы өзекті проблемалар жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
Дарын Абжапаров қазіргі кездегі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарды, кәмелетке толмағандардың тарапынан жасалып жатқан қылмыс және оның жауапкершілігі, буллинг, суицид, нашақорлық сынды мәселелер жайын қозғады. Оның айтуынша, елімізде жасөспірімдер қылмысы азаймай отыр. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтардың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол жұмсау сияқты фактілерден тұрады. Заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің бас бостандығынан айыру мекемесіне жіберілуі әбден мүмкін екенін ескертті аға прокурор. Сол себепті, Дарын Абжапаров кездесуге жиналған балаларды әрдайым тәртіпке бағынып, ешбір құқық бұзушылыққа жақындамауға шақырды.
Өз кезегінде Санат Әшірбеков оқушыларды еркін форматта сұхбаттасуға шықырып, кездесуді сұрақ-жауап түрінде жалғастыруды ұсынды. Ол тәрбиенің түп-тамыры отбасыдан бастау алатынын, кейіннен қоршаған орта әсер беретіні жайлы айтып, балаларды өзара қарама-қатынаста мейірімді болу керектігін жеткізді.
Қазақи тәрбиеде балаға үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Сол себепті де кездесуге қатысқан ауданның беделді тұлғалары, ақсақалдар мен ақ-жаулықты аналарға да сөз кезегі берілді. Олар да тәрбие жайын қозғап, бүгінгі жастың ертеңгі ел сенімін ақтайтын азаматтар екенін атап өтті.
Іс-шара соңында Д.Абжапаров қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі – есірткі қабылдау және оны тарату мәселесі жайын тағы да қозғап, балаларды осы тақырыпта арнайы фильм көруге шақырды. Осы орайда, әлеуметтік желіде көп көрсетілім жинаған «Закладка» атты фильм оқушылардың назарына ұсынылды.