БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ

0

Мектеп жасындағы оқушылар үшін жаз мезгілінің орны ерекше. Күнделікті сабақтар артта қалып, жазғы демалысты балғындар барынша қызықты етіп өткізуге тырысады. Аудандық білім мекемелері де бұл кезеңге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өйткені, балалар өмірінің қауіпсіздігі, бос уақыттарын тиімді өткізуі ата-аналармен қатар, ұстаздарға да маңызды.

Бұл уақытта балалардың денсаулығына мән беріп, қарым-қабілетін дамыту, спортқа бейімін нығайту оның жаңа оқу жылын сергек бастауына септігін тигізеді. Сондықтан, перзентіңіздің белгілі бір спорт немесе өнер түріне қызығушылығын байқасаңыз, жазғы демалыс бұл үшін таптырмас уақыт. Ауданымызда баланың қабілетін дамытуға арналған түрлі шығармашылық-өнер орталықтары, спорттық-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқушылардың демалысын тиімді өткізу мақсатында жыл сайын аудан мектептері жанынан жазғы лагерьлер ұйымдастырылады. Мектеп жанынан құрылған жазғы лагерьлер жұмыс басты ата-аналар үшін өте ыңғайлы. Балалар тәулік бойы телефонға телмірмей, уақыттарын көңілді өткізеді, әрі тәрбиешілердің бақылауында болғандықтан алаңдамайсыз.
Жаз басталысымен қордайлық балғындардың асығатын орындарының бірі – «Балауса» сауықтыру лагері. Мұнда ұл-қыздар түрлі ойын-сауықтық, мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып, бос уақыттарын ұмытылмастай өткізуге мүмкіндік алады.

Лагерьде 5 мезгілдік тамақтандыру қарастырылған, аумағында бассейн, спорт алаңшалары, шағын футболға арналған алаң бар. Балалар мекемесі биыл төрт лекті қабылдауды жоспарлап отыр. Келушілердің алғашқы легі 12 маусым мен 24 маусым аралығында, екінші легі 26 маусым – 8 шілде аралығында, үшінші легі 10 шілде – 22 шілде аралығында, төртінші легі 24 шілде – 5 тамыз аралығында демалады. Әр лек 12 күннен ұйымдастырылады.
Қорыта айтқанда, ауданымызда балақайлардың жазғы бос уақытын қызықты әрі пайдамен өткізуге мол мүмкіндік жасалған. Бастысы, ата-аналар балаларының қауіпсіздігін бақылауда ұстап, тілсіз жаудың құрбаны болмас үшін сақтық шараларын ұмытпағандары жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.