Масаншы ауылы, әл-Фараби атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Қыдырбаева үй жағдайында тропикалық жеміс ағаштарын өсіреді. Негізгі қызметінен бөлек, жаны жай табатын сүйікті ісі бар ұстаз бүгінде үйін нағыз тропикалық баққа айналдырған.
10 жылдан бері бөлме гүлдерін күтіп-баптаумен айналысып келе жатқан Салтанат Жүнісалықызы тропикалық жеміс ағаштарын өсіріп көруді шешеді. Ол ең алғаш ананас, лимон, банан көшеттерін отырғызған. Қазір үйінде осы жемістерден бөлек лайм, какос, мандарин, манго, құрма сынды экзотикалық жеміс ағаштары бар. Бұл өсімдіктердің әрқайсысы ерекше күтім мен жайлы жағдайды, ұзақ уақытты талап етеді. Салтанат әр өсімдіктің ерекшелігін мұқият зерттеп, қажетті мәліметтерді ғаламтордан іздеп, өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында тиісті нәтижеге жетті.
«Бақша өсіру, өсімдіктерге қамқор болу – менің жаныма жақын іс. Бұл жұмысқа кіріскен кезде барлығын ұмытып, бақытқа бөленемін. Уақыттың қалай өткенін байқамаймын. Сондықтан, әрбір жемісті үлкен ықыласпен күтемін», — дейді ұстаз. Мұндағы манго ағашының өскініне екі жыл болса, лайм ағашының жеміс бергеніне үш жыл болған. Ал анар жыл сайын жеміс береді екен. Әңгіме барысында кейіпкеріміз экзотикалық жеміс ағаштарына қандай күтім керектігімен бөлісті.
«Тропикалық жемістерге күн сәулесінің, жылу мен қоректік заттардың жеткілікті деңгейде берілуі маңызды. Әсіресе, қыс мезгілінде бөлменің температурасы жылы болуы қажет. Мектепте осы өсімдіктерді өсіретін сынып кабинетім бар. Онда бөлменің температурасы +22 +25 градус, қысында да жылы болып тұратындықтан тропикалық өсімдіктер ойдағыдай өсіп шығады. Жазғы демалыста барлығын өзімнің үйіме алып келіп, баптап-күтемін. Тропикалық жемістерді аптасына бір-екі рет суғарып тұру керек. Көп суғарса, құрттар пайда болады. Сонымен қатар, айына бір рет лимон қышқылы қосылған сумен суғарып тұрамын. Бұл өсімдікті құрттан қорғауға жәрдемдеседі. Экзотикалық жемістің қай-қайсысын алсақ та өсіру оңай емес. Бірақ, ең қиыны ананас өсіру болды. Ол жемісін бес жылдан кейін бір-ақ береді», — деп бөлісті кейіпкеріміз. Салтанат Қыдырбаева шәкірттерін де бағбандыққа баулиды. Ол оқушыларына әр өсімдіктің ерекшелігі туралы егжей-тегжейлі түсіндіруден жалықпайды. Балалар экзотикалық жемістер туралы көп мағлұмат алып қана қоймай, табиғатты аялауға, еңбекті құрметтеуге, шыдамдылыққа үйренуде. Ұстаз мұндай практикалық сабақтар балалардың қоршаған әлемді жақсы түсініп, ғылымға деген қызығушылығын оятатынына сенімді.
«Үш жылдан бері оқушыларыма ерекше жемістерді өсіру жолын үйретіп келе жатырмын. Мұндағы мақсатым – кез-келген істі өз қолымызбен жасаудың мүмкін екендігін көрсету, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу. Шәкірттерімнің де бұл іске деген қызығушылықтары жоғары. Көпшілігі тропикалық өсімдіктерді күтіп-баптаудың тәсілдерін меңгеріп алды», — дейді Салтанат Қыдырбаева.
Ағартушылық пен бағбандықты қатар алып жүрген ұстаз алдағы уақытта жемістерді жайқалту үшін жылыжай салуды армандайды. «Бастаған ісімді орта жолдан тастамай әрі қарай дамытсам деймін. Оқушыларға да бағбандықты үйретіп, біліміммен бөлісе беремін. Мүмкін болашақта менің ізімді жалғар шәкірттерім шығар», — дейді кейіпкеріміз.