БАЛАЛАРДЫ БАҚЫТҚА БӨЛЕГЕН КҮН

0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жайма шуақ жазбен қатар келетін бұл мереке биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұйрығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде атап өтілуде.

Аудан орталығындағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде де айтулы күнге орай іс-шара өтті. Балғын бүлдіршіндерді құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков арнайы келіп, ізгі тілектерін жеткізді. «Бала – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың бақытты болуы біз үшін қашанда маңызды. Балақайлардың бақытты балалық шағы ұзағынан болсын. Көңілдері әрдайым көтеріңкі болсын. Құрметті ата-аналар, ұстаздар сіздер оқушыларыңыздың тек жақсылығының, жетістіктерінің куәсі болыңыздар»,-деген Дамира Маратқызы аудан намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген олимпиада жүлдегерлері мен үздік оқушыларды марапаттады.
Балаларға арналған мерекелік шара аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының және №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің өнерлі өрендерінің концерттік бағдарламасымен ұласып, әуезді әнмен, көңілді билермен үйлесім тапты. Мерекеге жиналған адамның көптігі де мейрамның шырайын келтірді. Концерттік бағдарлама аяқталған соң балақайлар БЖШО-ның оқытушылары ұйымдастырған қолөнер бұйымдары мен ойыншық жасаудан шеберлік сағаттарына қатысып, техникалық шығармашылық орталығының көрмесін тамашалап, ауладағы тоғызқұмалақ ойынын ойнады. Сондай-ақ, түрлі сергітетін ойындарға белсене қатысты. Жүздері бал-бұл жанған балапандар асыға күткен мерекенің көңілді өткеніне дән риза.

Leave A Reply

Your email address will not be published.